KZ
Өскемен
-9°
туман жел 3 м/с, ОШ
523.86 544.34 5.11

Белгілі марафоншы кезекті сапарын Өскеменнен бастады

2.08.2024, 11:09 94 Ләззат Қанатқызы

Белгілі саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов бүгін Шығыстың бас шаһарынан Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласына жаяу аттанды. Марафоншы 2550 шақырымды шамамаен 2,5-3 айдың ішінде бағындырмақ ниетте, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кету керек, әу баста марафоншы үш мың шақырым қашықтықты жаяу басып өтіп, Қытайға баруды жоспарлаған. Алайда, қандай да бір қиындықтар туындап, бағытын өзгертуге тура келіпті.

- Қытайға бару үшін маған виза шықпады. Оның өзіндік себептері бар. Яғни қаражат мәселесімен, зейнет жасында болғандықтан жалғыз, жаяу жүрмеу керек немесе белгілі бір компания өз жауапкершілігіне алу керек деген сияқты талаптар қойылды. Ал, мен команданың сүйемелдеуімен жүрсем елдің сенімінен қаламын. Сондықтан жоспар өзгеріп, Алтай өлкесі арқылы Ұлан-Батырға барамын деп шештім, - дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Бүгін өскемендіктер белгілі саяхатшыны кезекті сапарына аса құрметпен шығарып салды. Ақсақал өзінің үш айға созылатын сапарын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайытын айтады.

- Мен кезекті жаяу саяхатымды алда болатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді, - дейді ол.

Марафоншының басты мақсаты — Гиннестің рекордтар кітабына тіркелу арқылы әлемдік рекорд орнату. Есеп бойынша, сапар 2 жылға созылады. Ол турды 2025 жылдың тамызында аяқтауды көздеп отыр.

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу