Семей орманында өрт тұтанды — Абай облысы

Фото: egemen.kz
1 шілде күні сағат 09:48-де Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» МОТР аумағында түтін шығып жатқан жер анықталды.
Бұл туралы Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ақпарат жариялады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, оқиға орнына жедел түрде Байдәулет орманшылығының қызметкерлері барды.
Оқиға орнына жеткеннен кейін орманшылар орман жамылғысы аймағында бұрын болған өрттің қайта тұтанғанын анықтады.
Өрт қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді. Жалпы жану аумағы 1,2 гектарды құрады. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге орман шаруашылығынан барлығы 24 адам және 9 бірлік техника жұмылдырылды.
Байдәулет орманшылығының ақпараты бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдарын тартуы қажет болмады.