1 қыркүйектен бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі
Фото: egemen.kz
Үкімет қаулысы бойынша 1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың жалақысын тағы да көтеру жоспарланып отыр.
Үкімет қаулысының жобасы 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, биыл Үкімет қаулысымен мемлекеттік медициналық ұйымдарда еңбек ететін дәрігерлердің жалақысын 30%, ал орта персоналдың айлығын 20%-ға арттыру шешімі қабылданды. Оған сай, еңбекақы төлеу коэффициенттері бекітілді. Алайда, министрлік дерегінше, көтерілген коэффициенттердің өзі 30% және 20% өсімді қамтамасыз ете алмайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай, бұл мақсатқа 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде 36 млрд 111 млн 991 мың қосымша қаражат бөлінген. Оның ішінде биыл 5 млрд 035 млн 875 мың теңге, 2024 жылы 15 млрд 409 млн 146 мың теңге, ал 2025 жылы 15 млрд 666 млн 970 мың теңге бағытталады.
Құжатта көрсетілгендей, өзгерген коэффициент негізінде жалақы төлеу 1 қыркүйектен басталады, яғни сол уақыттан дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың айлығы өседі.