KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Мәжіліс депутаты ұялы байланыс қызметтерінің қымбаттауын сынға алды

Фото: ru.freepik.com

4.04.2024, 14:13 90 Ержан Әбіш

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс қызметтеріне тарифтердің өсуіне наразылық білдіріп, Премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

– Ұялы байланыс қызметі тарифінің қымбаттауы халықтың қалтасын қағып барады. Тарифтер ай санап өсіп келеді. Мәселен, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57 пайызға өскен. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсуі 39%), Ксеll мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29 %), «Просто супер» (Теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті. Ең қызығы, жуырда Актив, Kсеll операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59 процентке қымбаттады, – деді Е. Бейсенбаев Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, «Байланыс туралы» заңының 20-бабына сәйкес, операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өздері қояды.

Тағы бір мәселе, байланыс сапасының сын көтермеуі. Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр.

Сонымен қатар елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6290 ауыл болса, соның 1,5 мыңында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана ұялы байланыс операторы бар.

– Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынамын. Біріншеден, Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Екіншіден, ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елді мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауға тиіс. Осы ретте, мүлдем мобильді интернеті жоқ 1432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлау қажет. Үкімет ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет, – деді Елнұр Бейсенбаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив