Бұқтырмадағы жаңа көпір арқылы бір тәулікте 80 мың көлік қатынайды
Фото: ҚР Көлік министрлігі
Жуырда ғана ашылған Бұқтырма су қоймасындағы жаңа көпір арқылы бір тәулікте 80 мың көлік қатынайды. Себебі нысан жеті ауданның арасын жалғап тұр. Осылайша бір ғана көпір тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық ілгерлеуіне әсер етуде.
Ұзындығы 1 шақырымнан асатын көпір 7 аудан арасындағы алыс берістің көлемін арттырады. Атап айтсақ Самар, Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырды. Мамандар әсіресе кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына септігін тигізеді деп отыр.
Өткелге дейін 18 шақырым жаңа жол да салынды. Ал, көпір құрылысы кезінде озық инженерлік технологиялар қолданылған. Сондай-ақ барлық сапа стандартын сақталды.
Көпірдің ашылуын аймақ жұрты ерекше атап өткен болатын. Киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Түрлі ұлттық спорт сайыстары өтіп, ауқымды концерт ұйымдастырылды.