eGov Mobile қосымшасында жаңа «Көлік иесіне мәселе туралы ескерту» қызметі іске қосылды

pexels.com
eGov Mobile мобильді қосымшасына көлік иелеріне қатысты жаңа қызмет енгізілді. «Көлік иесіне мәселе туралы ескерту» деп аталатын бұл қызмет көлік иесіне маңызды жағдайлар туралы хабарлауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл функция көлік жол жүруге кедергі келтіргенде, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, шамдары қосулы қалып қойғанда, дабыл жүйесі іске қосылғанда немесе дөңгелегі жарылғанда өте тиімді. Пайдаланушылар көлік иесіне осындай мәселелер туралы жылдам хабарлама жібере алады.
Қызметті екі сағат ішінде бес реттен артық пайдалану мүмкін емес. Хабарлама жіберген кезде өтініш беруші көлік иесі туралы ешқандай дерек алмайды. eGov Mobile қосымшасы анонимді түрде хабарлама жіберіп, жіберушінің деректерін құпия сақтайды.
Егер пайдаланушыда push-хабарламалар қосулы болса, смартфонына бірден ескерту келеді. Ал хабарламалар өшірілген жағдайда, ақпарат eGov Mobile қосымшасының «Хабарламалар» – «Таратылымдар және ескертулер» бөлімінде қолжетімді болады.
Бұл жаңа қызмет көлік иелерінің қауіпсіздігін арттырып, қоғамдық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.