«Саламатты жаз-2025» аясында 183 мыңға жуық бала тексерістен өтті
gov.kz
Елімізде жаз бойы балалардың денсаулығын бақылауға арналған «Саламатты жаз-2025» акциясы жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тамыз айының басына дейін 183 588 бала медициналық тексеруден өткен, нәтижесінде 12 766 балада түрлі аурулар алғаш рет анықталды. Мамандар бұл балаларды бақылауға алып, қажетті ем-дом тағайындап жатыр.
Акция аясында тексерістерден бөлек, ашық есік күндері, «Денсаулығыңызды тексеріңіз» акциялары мен арнайы дәрістер де ұйымдастырылуда. Шараға мектеп жанындағы лагерьлер мен емханалар да атсалысуда.
Жаз басталғалы бері 23 мыңнан астам түсіндіру сабағы өткізіліп, оған 150 мыңнан аса бала мен ата-ана қатысқан.
Еске салайық, бұл науқан маусым айында басталып, жаздың соңына дейін жалғасады. Министрлік ата-аналарды балаларын тексеруден өткізуге асығуға және профилактикалық шараларға белсенді қатысуға шақырады.