KZ
Өскемен
-7°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Екі жылда шалғай ауылдардың 90%-ы интернетпен қамтылады – «Ауыл online» жобасы басталды

stock.adobe.com

6.08.2025, 10:00 523 Төлеуғазы Жансая

Шалғайда орналасқан елді мекендердің интернетке қосылуы – ел үшін маңызды мәселе. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда «Ауыл online» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында алдағы екі жылда шалғай ауылдардың 90%-дан астамы интернетпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.

«Бүгінде интернетке қол жеткізу қиын саналатын 6 мың елді мекеннің ішінен 2,5 мыңнан астамы интернетпен қамтылды. Қалған ауылдарды қосу үшін "Қазақтелекоммен" келісім жасалып, екі жылда ауылдардың 90%-дан астамын қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді интернетке қосу үшін Starlink және OneWeb спутниктік байланыс жүйесі қолданылуда», – деді вице-министр.

«Қазақтелеком» компаниясы жобаның тікелей орындаушысы. Компания басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Оспановтың айтуынша, 3 мың ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету міндеті қойылған.

«Біз «Ауыл online» жобасын іске қостық. Бұл жоба арқылы шалғай ауылдарда байланыс сапасын арттыру көзделіп отыр. Жақын күндері интернет жүргізілетін елді мекендердің тізімі компанияның ресми сайтында жарияланады», – деді ол.

Жобаны табысты жүзеге асыру үшін әр облыстың әкімдерімен меморандумдар жасалады. Себебі жергілікті биліктің көмегінсіз кейбір техникалық мәселелерді шешу қиын.

«Антенна орнату, кабель тартуға рұқсат беру сияқты мәселелер жергілікті атқарушы органдарға байланысты. Сол себепті әкімдіктер бұл жобаны жүзеге асыруға атсалысуы керек», – деді компания өкілі.

«Ауыл online» – тек интернетке қосу жобасы емес, ауыл өмірін жақсартудың үлкен бір қадамы. Жоғары жылдамдықты интернет білім, медицина, мемлекеттік қызметтер мен кәсіпкерлік салаларының дамуына жол ашады. Енді еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл тұрғындары да заманауи цифрлық мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу