Пробация қызметінде есепте тұрғандарды жұмысқа орналастыру мәселесі қаралды – ШҚО
Фото: Шартты сурет
17 мамыр күні ШҚО кәсіпкерлер палатасында сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі қаралды.
Мамандардың айтуынша, есепте тұрған адамдарды жұмыспен қамту және олардың тұрақты табыс табуы аймақта қылмыстың азаюына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиын барысында Өскемен қаласы прокурорының орынбасары Қанат Айкенов пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың әлеуметтік бейімделуі мен оларды жұмысқа орналастырудың маңыздылығын ашып айтты. Мұндай шаралар өңірде қылмыстың азаюына тікелей әсер ететін көрінеді. Сондықтан қала прокуратурасы осы жылдың қаңтар айында кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Дерекке сүйенсек, келіссөз бойынша кәсіпкерлер сотталған азаматтарды өз кәсіпорындарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске аспақ.