Ақтөбе облысындағы туристік обьектілерді таныту мақсатында Өскемен қаласында ақпараттық тур өтті. «Road show» конференциясы биыл елдің үш қаласында өтеді.
Конференцияға Ақтөбе өңіріндегі туристік ұйымның өкілдері, қонақ үй, тамақтану орнының өкілдері, қолөнер шеберлері мен сәнгерлер қатысып, саланың дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылған шара Шымкент, Қостанай қалаларында да өтеді.
Ақтөбе облысы – Еуропа мен Азияда орналасқан аймақ. Аумақтағы Ырғыз және Шалқар аудандарында жабайы қабан мен ақбөкен, Ойыл өңірінде елік, Қарғалыда бұлан мекендейді. Өңірде ерекше табиғатымен, тылсым тарихымен таңғалдырған жерлер жеткілікті. Бұл жерлер туралы «Four Tour» туристік фирмасының өкілдері баяндап, қалай жетуге болатынын айтты. Ақтолағай үстіртіндегі биіктігі теңіз деңгейінен 251 метрге дейін жететін бор таулары, фламинго сынды құстар мекендеп, сол өңірге ғана тән сирек өсімдіктер өсетін Ырғыз-Торғай резерваты, Барқын және Аққұмсағыз құмдары, тасқа айналған маржан мен тектиттерді кездестіруге болатын Жаманшың метеориттік кратері, Қобыланды батыр кешені, Хан моласы мемориалдық кешені туралы ақпарат айтылды.
– Біздің орталық – аймақтағы жалғыз туристік орталық. Біздің орталықта мамандандырылған гид бар. Алдыңғы жылы осы шараны Алматы, Астана, шетелдердегі Қазан, Баку қалаларында өткіздік. Биыл екі кезеңмен, елдегі үш қалада және шетелдегі үш қалада өтеді. Қазан айында Дубай, Бейжің және Сеулде өткіземіз. Мақсатымыз – Ақтөбе облысының туристік әлеуетін таныту. Бізде қандай тамақтану орындары, қонақ үй бар, Ақтөбеде қандай қызықты орындар бар екені туралы ақпарат береміз. Және ең негізгі мақсат – ішкі туризмді дамыту мен Ақтөбе облысына баратын туристер санын арттыру. Биыл туристерге арнап бірқатар шара жоспарладық. Оның бірі музыкалық фестиваль. Оған танымал әртістер қатысып, ашық аспан астында ұлттық ойын сайыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көрнекі орындарға оқушыларды апарып, зияткерлік ойындар өткіземіз. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында халық көп шоғырланған және туристер көп келетін жерлерде ақпараттық дүңгіршек орнатылған. Сонымен қатар келесі жылы гастрофестиваль өткіземіз. Оқиғалы туризмді дамыту мақсатында осындай бірқатар шара жоспарланған, – дейді «Visit Aktobe» орталығының бөлім басшысы Азат Оразалин.
Туристік фирманың өкілдерінің айтуынша, көрнекі нысандарға барар жолдардағы инфрақұрылым жақсы дамыған. Әжетхана мен жол мәселесі тұрақты шешіліп жатқан көрінеді. Туристік фирманың директоры осы мәселелердің шешілу жолын айтып, шығыстық әріптестеріне кеңес берді.
– Ақтөбеде қазақы нақышта істелген нысандар көп. Қазақы нақыштағы заттарды, нысандарды көргісі келген азаматтар Ақтөбеге келсе болады. Туризм саласындағы жол, инфрақұрылымға қатысты мәселелер бізде де бар. Ол біртіндеп шешіледі деген ойым бар. Мысалы, шалғай жатқан байланыс орнамаған мекендерде шұғыл көмек көрсететін орындарға қоңырау шалуға мүмкіндік беретін антенналар орнатып жатыр, кэмпинг аймақтар пайда бола бастады. Қазір біздің аймақта жол бойында әжетхана мәселесі шешілді. Неге бұл мәселеге көңіл бөлінді? Өйткені Ақтөбе – транзиттік қала. Ресейден келетін көліктер біздің қаланы басып өтеді. Туризмді тамытуға кедергі келтіретін мәселені шешуде басқарма үнемі бізді қолдап отырды. Мысалы, Ебейті деген кішкентай ауылға 4G интернет тартты, Аққұм нысаны орналасқан Алтай батыр деген ауылға апаратын жол салып берді, интернет тартып, су желісін қосты. Өйткені сол жақта туризм дамып жатыр, ол жердің мутристік әлеуеті жоғары. Оны көрген билік өкілдері бар жағдайды жасап отыр. Шығыстағы әріптестеріме бірдеңе сұрардан бұрын бірінші сол мекенде еңбек етіп, үлесіңді қосу керек. Яғни, сол жерге келетін туристердің ағынын арттыру керек. Сол кезде ғана жергілікті органдардың көзіне түсіп, дамуға бастама алуға болады. Бұл халықтың болашағы, әлеуметтік жағдайы үшін істелетін дүние. Тристік нысандарға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары туристерді құшақ жая қарсы алып, шамасы келгенше қызмет көрсетсе бұл сала дамиды деп ойлаймын, – дейді «Four Tour» туристік фирмасының директоры Еркебұлан Аймұратұлы.
Шарада сонымен қатар, Dastan Hotel Aktobe қонақ үйінің, ұлттық тағам түрлері ұсынылатын «SARQYT» мейрамханасының, қамшы, торсық сынды ұлттық бұйымдарды жасайтын «Алтынбек» қолөнер мекемесінің, бұғы шаруашылығына бет бұрған «Зару» шипажайының даму тарихы баяндалып, өнімдері көрмеге қойылды.
Ұйымдастырушылар бұл шараны аяқсыз қалдырмақ емес. Алдағы уақытта ынтымақтастық жалғасын табады. Ол үшін алғашқы әрекет істелді. «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы және «SARQYT» мейрамханасы мен жергілікті мекемелер меморандум жасасты.
– Шара жоғары деңгейде өтті. Бұл шара ішкі туризмді дамытуға сеп болады деп ойлаймын. Бізге осындай шаралар қажет, себебі ел азаматтарының өзі елде қандай туристік нысандар бар екенін жете білмейді, – дейді өскемендік Сымбат Рамазанов.