Риддердегі орталық стадион қашан жөнделеді?
Риддердегі "Сокол" стадионында жөндеу жұмыстары келесі жылы басталуы мүмкін. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама мақұлдады. ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы жобаны 2024 жылға арналған бюджеттік өтінімге енгізбек.
Бірнеше жыл бұрын Риддерде республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізілетін. Ал бүгінгі таңда тозығы жеткен стадион жергілікті спорттың дамуына да ат салыса алмай отыр. Себебі 1967 жылдан бері жөндеу көрмеген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Футбол алаңын арамшөп басып, спортзал, жаттығу залдары мен киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері әбден тозып кеткен. Ғимаратқа ұзақ уақыт бойы жылу да, су да берілмепті.
Спорт нысанының бұл күйі жергілікті билікті де алаңдатқан. 2016 жылы ғимаратты қайта қалпына келтіруге шешім де қабылданыпты. Ол үшін республикалық бюджеттен қаражат бөліну жоспарланған. Алайда құжаттардың кешігуіне байланысты жоба сомасына түзетулер енгізу қажет болды. Осылайша мердігер ұйым жұмысты тоқтатып, ұзаққа созылған сот процестері басталып кетеді.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы Риддердегі "Сокол" орталық стадионын қайта құру бойынша жаңа жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісті.
Басқарма басшысы Асқар Можановтың айтуынша, жылдар бойы ақша тек Риддердегі спорт нысандары қызметкерлерінің жалақысына ғана бөлініп келген. Ал "Риддер қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі" КММ-нің теңгерімінде тұрған стадионның жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражаттың шектеулі көлемі ғана аударылған.
Сондықтан облыстық бюджет есебінен жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама 2022 жылғы 20 сәуірде 1, 331 млрд теңгені мақұлдады.
Асқар Можанов өз сөзінде бұл жобаны 2024 жылға арналған бюджеттік өтінімге енгізетінін де атап өтті. Егер облыстық мәслихаттың сессиясында мақұлданса, алдағы жылы стадионды қайта жаңарту жұмыстары басталмақ.