Глубокое ауданындағы кеніште құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Шартты сурет: smotrim.ru
Бүгін кеніште болған оқиғаға қатысты Глубокое ауданының әкімдігінен тағы бір жедел ақпарат түсті. Үйінді астында қалып қойған екінші қызметкерді құтқару бойынша жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
Жұмысшыны үйіндінің астынан шығарған соң, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұған дейін тау жынысы опырылып, екі жұмысшының үйінді астында қалып қойғаны жайлы хабарлаған едік. Олардың біреуі жер үстіне өзі шығып үлгерген. Қазір ол Глубокое аудандық ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, оның арқа және кеуде тұстарында сыдырылған жарақат бар, рентгенологиялық зерттеу денесінде сынық жоқ екенін көрсетті. Дәрігерлер науқасты жан-жақты тексеріп, қажетті талдаулар мен процедураларды жүргізіп жатыр.
Оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтайды. Аймақ билігі жағдайды бірден бақылауға алған болатын.
Екінші жұмысшыны құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.