KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

ШҚО тұрғындары бөлшек сауда саласына көп шағымданған

26.10.2023, 22:41 215

ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті облыс тұрғындарынан қанша шағым түскенін жариялады. Былтыр департаментке қызмет көрсету және сауда саласына байланысты 563 өтініш түссе, биыл 9 айдың ішінде 425 шағым түскен.

Бұл туралы департамент басшысы Данияр Дүйсембаев Аймақтық коммуникациялар қызметінде ақпарат айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Шағымдардың ең көбі бөлшек саудада — 45%, электрондық саудада — 21%, тұрмыстық қызметте — 20%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта – 9 пайызға жуық, шағымның 7%-ы — байланыс қызметінде тіркелген. Бір айта кететін жағдай, бүгінгі таңда тұтынушының құқығын қорғау туралы заң Мәжілістің қарауында жатыр. Оған электрондық сауда бойынша да көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Аталған көрсеткіштер бір жағынан тұтынушының таңдау деңгейінің артуын, екінші жағынан жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді, — дейді Данияр Бекқазыұлы.

Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тауарлық үстемесін шарықтату бойынша 9 тексеру жүргізіліп, оның бесеуінде ескерту берілген, ал 4 бұзушылық расталған жоқ. Ал ішкі саудадағы сөреде тауардың бағасын көрсетпеу, бағаның арасындағы сәйкессіздік бойынша 10 өтініш түскен.

Департамент тұтынушы құқығын қорғау саласында жоспардан тыс 17 тексеру жүргізіп, нәтижесінде талап бұзғандарға әкімшілік жаза қолданылып, ескерту берілді.

ШҚО бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті биыл 295 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізген. Техникалық регламент талабын сақтау мәселелері бойынша жоспардан тыс 14 тексеру жүргізілді, оның 12-сінде бұзушылық анықталды. Мотор майын сатушыларға 1 млн 733 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, талапқа сай келмейтін өнімді сатуға тыйым салынды.

— Мотор майларын сатуда жиі кездесетін заң бұзуға сапа паспортының болмауы, химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты, сәйкестік декларациясы, мемлекеттік және орыс тілінде тауар туралы ақпараттың болмауы немесе толық болмауы жатады, — дейді ШҚО бойынша департаменттің басшысы Әсем Жақсыбаева.

Оның айтуынша, сәйкестік туралы 7 декларацияның қолданылуы тоқтатылып, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында барлығы 185 субъектіде мемлекеттік бақылау жүргізілді.

Сонымен қатар, зергерлік бұйымдарды сату саласында бірыңғай сынама таңбасының, атаулы белгісінің болуына тексеру жүргізілді. Департамент 69 субьектіге сырттай бақылау жүргізген.

                                      

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив