KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Өскеменде айына 20 тонна печенье шығаратын кәсіпорын қалай ашылды?

7.11.2023, 21:30 257

Өскеменде «Өрнек cookies» брендімен айына 20 тонна печенье шығарып жатқан «AQBOTA UKA» шағын кәсіпорны  өз өндірісін қалай ашты?

Eрлі - зайыпты Дәурен мен Марияның басына үлпілдек печенье өндіру жайлы бастама осыдан үш жыл бұрын, пандемия уақытында келген екен. Тұс - тұстағы шекаралар жабылып, блок бекеттер қойылып, ел әрі - сәрі күй кешіп жатқан шақта отандық азық -түлік өнімдеріне деген сұраныс  күрт артты. Осы кезде кәсіпкерлер ойлана келе ішкі нарықты толық жаба алатындай автоматтандырылған үлпілдек печенье өндірісін ашуға кіріседі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Облыста печеньені өнеркәсіптік көлемде өндіре отырып, толайым саудаға шығаратындай кәсіпорын жоқ еді. Мұндай кондитерлік өнім түрін шығаратын қуатты өндіріс жоқ болатын. Ішінара аз - аздап шығарып жатқан шағын цехтар болмаса үлпілдек печеньенің бәрі облысқа шетелден  келетін.

2021  жылы ерлі-зайыптылар  «ForteBank» АҚ арқылы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қолдауымен жаңа өндіріс ашуға қажетті құрал - жабдықтар сатып алу үшін банктен 41 млн теңге несие алады. Бұл қаражатқа кондитер саласына қажетті озық технологиялы құрылғыларды: печенье пісіретін үш пеш, үш бункерлі шөгу машинасын, өнімге крем жағу, ұнтақ себу машинасын, әсемдеп, жылтырату желісі секілді өнеркәсіптік кәсіби жабдықтар сатып алады. Өндіріске қойылған үш бункерлі шөгу машинасы облыстағы кондитерлік кәсіпорындарда әлі күнге дейін жоқ. Машина бірнеше тапсырыс түрлерін беруге болатындай 50 бағдарламамен қамтамасыз етілген.  Онда бір мезетте ішіне салма толтырылған екі түсті печенье шығарылып жатыр.

Автоматтандырылған өндіріс адам күшін көп қажет етпейді. Әрі өнімді қоспалық құрамынан ауытқымай, дәмі мен түрін келістіре отырып, тиісті технологиялық көрсеткіштерге сай дәлдікпен шығарады. Қазір «AQBOTA-UKA» печенье фабрикасында 20-дан астам адам жұмыс істеп жатыр. Печеньенің 31-ден астам түрі, ассортидің 7 түрі, десерттердің 16 түрі, кекстердің 6 түрі, пряник және сүтті торттар шығарылады. Фабриканың өнімдері облыс көлемінде ғана емес, Астана нарығына да шығарылып, сатыла бастаған.  Ою өрнекті печенье - «Өрнек cookies» атты  әдемі атаудағы брендпен сатылып жатқан Өскеменнің үлпілдек тәттілері астаналықтардың  талғамынан шыққан. Оны бүгінде балалар да біле бастаған. Ел өзге жақтан, шетелден жеткен тәттілерден гөрі өзіміздің Өскеменнің печеньесін сатып алуға құмар. Фабрикадағы автоматты кондитерлік желілерде күнделікті екі ауысымда тоқтаусыз өндіріліп жатқан  тәттілер облыс жұртына түгел жетеді.

- Біздің өнімдеріміздің бәрі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан өндірісті ұлғайтуды жоспарлап жатырмыз. Үлпілдек печенье ғана емес, басқа печенье түрлерін де шығарсақ дейміз, - дейді өндірістің басы-қасында жүрген фабриканың басқарушы директоры Марина Шахова.

Өскемендегі «AQBOTA-UKA» печенье фабрикасы  еліміздегі импорт алмастыру бағдарламасына өз үлесін қоса отырып, жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

- Өзімнің ешқандай мамандығым жоқ, осы жерге тұрақты жұмысқа тұрып кондитерліктің қыр-сырына үйреніп, жақсы табыс тауып жатырмын. Екі балам бар. Ауысыммен жұмыс істейміз. Облыс орталығында осындай жұмыс орнының ашылғанын, жұмысшылар қабылдап жатқанын естігенде отбасымызбен қуандық,  – дейді өскемендік Кәмшат Нұрмұхамбетова.

Печенье фабрикасының басшысы Мария Можевикина кондитер өнімдерін шығаратын озық технологиялы өндірісті ашуға қажетті құрал - жабдықтарды сатып алуға  көмектесіп, жеңілдікпен несие қаражатын беріп отырған мемлекеттің және «Даму» қорының қолдауына разы.

Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасының серпінді дамуына ықпал етуде. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде елде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, аймақта халықты жұмыспен қамту мәселелері шешіліп,  азық - түлік импорты азая бастағаны байқалады. Өскемендік печенье фабрикасының бүгінгі жұмысы осының дәлелі.

Автор: Жамал Ермен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив