Риддердегі «Сокол» стадионы жөнделеді
Риддер қаласындағы «Сокол» стадионына 1967 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген болатын. Осыған байланысты келер жылға стадионды қайта құру жобасы дайындалып жатыр.
Риддер – халықаралық ареналарда еліміздің намысын қорғаған мықты спортшылар көп шыққан шаһар. Бүгінде мұнда бұқаралық спортпен жүйелі түрде 21635 мың адам айналысады, бұл – қаладағы халық санының 41,9%-ы, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Градопроект» ЖШС әзірленген жоба аясында стадиондағы футбол алаңы, диск, ядро лақтыру, ұзындыққа секіру, жүгіру жолдары жөндеуден өтуі керек. Сондай-ақ жобада әкімшілік ғимаратты реконструкциялау, аумақта бейнебақылау құрылғысын орнату, стадионды жарықтандыру, сумен жабдықтау және кәріз желісін іске қосу көзделген.
«Сокол» стадионын қайта жаңғырту қаладағы денешынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ мұнда спорттық-бұқаралық іс-шаралар, облыстық және республикалық турнирлер өткізілетін болады.