KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 5 м/с, Ю
520.91 544.25 5.29

ШҚО мен АҚШ-тың дәрігерлері ынтымақтастықты нығайтпақ

7.12.2023, 19:20 184 Ләззат Қанатқызы

Шығыс Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық байланыс одан ары нығая түспек. Әсіресе, медицина, жоғары білім, өнеркәсіп салаларында тәжірибе алмасудың екі жаққа да берері мол.

 

Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куомен кездесуде айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

- Шығыс Қазақстанға келген сапарымның басты мақсаты – Өскемендегі Америка бұрышының 20 жылдығын атап өту. Жалпы Қазақстанда барлығы 10 Америка бұрышы жұмыс істейді. Солардың ең алғашқысы Өскеменде ашылғанын атап өту керек. Сондықтан бұл қала біз үшін ерекше ыстық. Осы 20 жыл аралығында Америка бұрышы – Америка туралы ақпарат беру орталығынан makerspace деңгейіне дейін өсті. Онда кез келген адам ғылым, техника бойынша өзінің дағдыларын жақсарта алады. Сондай-ақ 3D үлгіде басып шығару, роботты техника бойынша көмек көрсететін бағдарламалар бар. Бұл өңірдегі адам капиталына салынған инвестиция, - дейді Джуди Куо.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында қазірдің өзінде елордалық университеттермен әріптестік байланыс бекіген, келешекте орталық мекемелер арқылы өңірлермен де ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол.

 

ШҚО әкімі Америка Құрама Штаттарымен бірқатар салаларда ынтымақтастық байланысты нығайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Бүгінгі таңда АҚШ-та онкологиялық ауруларды анықтап, емдейтін ең озық технологиялар бар. Шығыс Қазақстанда да медицина жоғары деңгейде дамып жатыр және бірнеше жылдан бері қатерлі ауруларды ерте бастан анықтайтын заманауи технологиялар қолданылуда. Өңірдің медицина мекемелерінің құрал-жабдықтары әлемдік стандарттарға сай келеді, ал дәрігерлеріміз шетелдің үздік клиникаларында біліктілігін арттыруда.   

 

– Соңғы кездері біздің өңірге шетелдік қонақтар жиі келуде. Шығыс Қазақстан шетелдік инвесторларды қызықтырады. Ол үшін біз шын қуанамыз. Болашақта шетелдік әріптестерімізбен білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев. 

 

Айта кету керек, биылғы тоғыз айда ШҚО мен АҚШ арасындағы сыртқы сауда айналымы 83,6 млн АҚШ долларын құраған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу