ШҚО ауылдарындағы қоқыс полигондарының 90 пайызы талапқа сай емес
sn.kz
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық заңнама талаптарына және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмейтін полигон көп.
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, 2020-2023 жылдары кәсіпорындардан атмосфералық ауаға теріс әсер ету салдарынан келтірілген 120 млн теңгеден астам залал өндірілді, деп хабарлайды деп хабарлайды Altaynews тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
20-дан астам табиғат пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Үш жыл аралығында өңір бойынша мыңнан астам заңсыз полигон анықталды. Олардың кейбірі табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысымен жойылды. Сондай-ақ экология басқармасы жергілікті атқарушы органдардың 10-нан астам жауапты қызметкерін әкімшілік жауапкершілікке тартты», - делінген ақпаратта.
Бүгінде ауылдардағы қоқыс полигондарының 90%-ы заң талаптарына мүлде сәйкес келмейтін болып шықты.
«Қалғандары бойынша жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды сақтау үшін жер телімдерін берумен шектелген. Бұл мәселелердің барлығы қала, аудан әкімдіктерінің, облыс әкімдігінің назарына жеткізіліп, прокуратураның бақылауына алынған», - делінген мәліметте.