KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 4,8 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

ШҚО-да жауапсыз мердігерлер оқушыларды спортзалсыз қалдырды

4.01.2024, 13:14 309

Самар ауданының Миролюбовка ауылында оқушылар бес айдан бері дене шынықтырумен мектеп дәліздерінде  айналысуға мәжбүр.

 

Мердігер спортзалға төсеген еден тақтайлары шіріп, салдарынан спортзал жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашевтың айтуынша, өткен жылдың көктемінде ауданның білім бөлімі «MEGA-STR»  ЖШС-мен Миролюбовка ауылындағы мектептің спорт залын ағымдағы жөндеуге келісім-шарт жасасқан.

 

 

Жоспар бойынша мердігер шілде айының соңында нысанды тапсыруы керек болатын, бірақ материалдың болмауына байланысты уақыт кестесіне сәйкес келмеді.

 

- Біз мердігерге түсіністікпен қарап, жұмыстың аяқталу мерзімін 28 тамызға дейін ұзарттық. Алайда, жаңа мерзімде де жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Жұмыстың барысын тексеру кезінде мердігер ұйымның сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланғаны анықталды. Біз барлық кемшіліктерді жоюды талап еттік, бірақ мердігер нұсқауымызды елемеді. Жөнделмеген спортзалда балалармен жаттығу жасай алмаймыз. Өйткені, еденнің шегелері, шіріген тақтайлары көрініп жатыр. Қазір сот процесі жүріп жатыр, – деді мектеп директоры Жанат Жұмақанова.

 

Самар ауданы білім бөлімінің ақпараты бойынша, жұмыс тиісті тәртіпте және белгіленген мерзімде орындалмағандықтан, мердігерге жұмыс үшін ақша төленбеген.

 

Мектеп директоры экономикалық сотқа аталған компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз берді.

 

Бірінші отырыста сот бұл мердігерді жосықсыз деп таныды. Алайда мердігер апелляциялық шағым бергеннен кейін, екінші сот отырысында сот олардың талаптарын қанағаттандырды.

 

- Қазіргі уақытта мектеп директоры «MEGA-STR» ЖШС-ні анықталған ақауларды жоюға мәжбүрлеу туралы экономикалық сотқа жаңа талап арыз дайындауда. Мердігер ұйым жұмысты сметалық құжаттамаға сәйкес орындамайынша ақша аударылмайды. Оларда 20 сәуірден бастап материалдарды дайындап, жұмысын сапалы аяқтауға уақыт жеткілікті болды. Жұмысты аяқтау мерзімін бұзу, материалдардың жетіспеуі және талапқа сәйкес келмеуі - мердігердің тікелей жауапкершілігі,- деді аудандық білім бөлімінің бас маманы Батыржан Кәрібаев.

 

 

 

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив