KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Жаңа Бұқтырмадағы абаттандыру бойынша жобаға қоғам белсенділері бақылау жүргізеді

22.01.2024, 17:00 134 Ынтымақ Толқын

Жаңа Бұқтырма кентіндегі Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіш аумағын абаттандыру бойынша жобаға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат артық па? Бұл мәселені қоғам белсенділері көтеріп отыр. "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан филиалының басшысы Әділ Пішенов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұндағы шығын 11,6 миллиард теңгені құрағаны туралы жазған болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Қоғам белсендісі осы мәселе бойынша облыстық әкімдікке жүгінді. Осыған байланысты аймақ билігі Жаңа Бұқтырма кентінде қоғам белсенділері мен тиісті орган өкілдерінің басын қосып, кездесу өткізді. 

 

- Бұл жобада тек қана ескерткіштің айналасын абаттандыру қарастырылмаған. Түсініспеушілік осы жерден туындаған деп ойлаймын. Қазір жобаны абаттандыру және инфрақұрылым бойынша екіге бөлдік. Өткен жылы мұндағы жұмыстарды жүргізуге 1,5 миллиард теңге бөлінген. Жоба кезең кезеңімен іске асады. Жылу маусымы басталғанға дейін 160-тан астам жылу жүйелерін ауыстырдық. Сондай-ақ спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдың дайындығын аяқтадық. Абаттандыру жобасы бойынша жеті шақырым электр желілерін ауыстыру, автокөлік жолдарын және шағын сәулет нысандары бар саябақтарды жөндеу көзделіп отыр, - дейді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Дидар Кеңесбаев.

 

Аталмыш жоба Жаңа Бұқтырма кентіндегі туризмнің дамуына да өз септігін тигізеді. Себебі абаттандыру жүретін аумақта жағажайға дейін арбат салынып, субұрқақтар мен спорт алаңдары салынбақ. Екіге бөлінген жобада абаттандыруға керекті қаржы облыстық, ал инженерлік желілердің жөндеу жұмстары республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

 
- Бірден облыс әкімдігіне жүгінгеніміз дұрыс болыпты. Билік жағдайды бақылауға алды. Біз халық үшін ортақ іс атқарамыз. Сондықтан барлығын сапалы әрі уақытында жасау қажет. Қоғам мен жергілікті билік арасындағы байланыс міндетті түрде болу керек, - деді Әділ Пішенов.


Қоғамдық бақылауды күшейтуге жергілікті тұрғындар да ат салыспақ. Олар осындағы  200 орындық жаңа мектептің құрылысын назарға алатындарын жеткізді.

 
- Жаңа мектептің құрылысы қыс мезгілінде де тоқтамағаны бізді қуантып отыр. Осы жылдың аяғына дейін мектепті салып бітіреміз дейді мердігерлер. Соған үміттенеміз, - деді кент тұрғыны Людмила Лубышева.


Айта кетейік, бұл мәселе өңір билігінің бақылауына алынды. Ал істің мән-жайы туралы қорытынды белсенділердің қатысуымен егжей-тегжейлі зерделенгеннен кейін жарияланбақ. Altaynews.kz редакциясы бұл жағдайға қатысты оқырмандарын хабардар етіп отырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив