KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Биыл мектепке дейінгі біліммен екі мыңға жуық бала қамтылады - ШҚО

22.01.2024, 21:00 130 Нұржан Кенжеұлы

Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие және біліммен екі мыңға жуық екі мен алты жас аралығындағы балақайды қамту жоспарлануда. 

Облыстық білім басқармасының есепті кездесуінде осындай ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 

Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен жиында белгілі болғандай, бұған Өскемен қаласы мен бірнеше ауданда жаңа балабақшалардың ашылуы, осыған дейін басқа мақсатта пайдаланып келген балабақша ғимараттарының қайтарылуы, жұмыс істеп тұрған мекемелерде қосымша орындардың құрылуы сияқты жайттар септігін тигізбек. Мәселен, облыс орталығында бірден екі бұрынғы балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, кішкентай өскемендіктерге қайта есігін айқара ашады. Оның бірі Космическая көшесінде (240 орынға шақталған) орналасса, екіншісі Қазан көшесінде (200 орын) пайдалануға берілмек. Сол сияқты, Зайсан мен Күршім аудандарында әрқайсысы жүз орынға шақталған балабақшалар ашылады деп жоспарланып отыр.

Білім басқармасының басшылығы хабарлағандай, өңірде мектепке дейінгі ұйымдарға бірыңғай кезекті енгізу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

– Баланы бір уақытта төрт мекемеге кезекке қою мүмкіндігі сұранысы жоғары шағын аудандардағы балабақшалар желісін кеңейтуді уақтылы жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы Иннеса Чернышева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 205 балабақша бар болса, оның 88-і (43 пайыз) жекеменшік мекеме екен. Осы ретте, облыста 180 шағын-орталық жұмыс істейтінін де айтқан жөн. Белгілі болғандай, бүгінде бұл балабақшаларда ұзын саны 29 380 балақай, оның ішінде мемлекеттік тілде 15 475 (53%), ал орыс тілінде 13 905 (47%) бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 6 056 балақай мектепке дейінгі сыныптарға барады. Өңірде Мемлекет басшысының әлеуметтік осал топ отбасылары балаларының балабақшамен тегін қамтылуы жөніндегі тапсырмасы да ойдағыдай орындалуда. Мәселен, 2023 жылы 5 013 (100%) балаға 736 миллион теңге бөлінген. Облыста жеке инвесторлар мен кәсіпкерлерді белсенді тартудың және мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арқасында екі мен алты жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 98,7%-ға дейін жеткен.

Жиынға қатысқан облыс әкімі жалпы алғанда жұмыс нәтижесі көңіл көншітетінін айтып, дегенмен сан қуып, сапаны ұмыт қалдыруға еш болмайтынын жеткізді.

– Бала – біздің басты байлығымыз десек, ең асылы – оның тәрбиесі болуы керек. Бізге баланың жан дүниесін түсінетін, оған көмек қолын созып, бағыт-бағдар беретін білікті тәрбиеші, психолог мамандар қажет. Бұл – әсіресе қазіргідей ақпараттық заманда өз өзектілігін жоғалтпай тұрған проблема. Қазір қарап отырсаңыз, балабақша тәрбиешісі мен мектеп мұғалімі балаға ата-анадан еш кем емес тәрбие беруде. Сол себепті, біз осы бір мәселеге айрықша көңіл бөлуіміз керек. Сонда болашақта буллинг, суицид сияқты кеселдерден біржолата құтыларымыз анық, – деген облыс әкімі сала мамандары аталған бағытта жұмыс жүргізу керектігін айтты.

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив