KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

ШҚО-ның шалғай ауылдарында жылдамдығы жоғары интернет пайда болады

22.01.2024, 20:30 122 Нұржан Кенжеұлы

Биыл  Шығыс Қазақстанның 13 елді мекенінде антенна-мачталық құрылғылар орнатылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың «КаР-Тел» ЖШС-ның бас атқарушы директоры Евгений Настрадинмен кездесуін барысына айтылды.

Белгілі болғандай, облыстық бюджет есебінен салынатын жаңа телекоммуникациялық мұнаралар Зайсан ауданының Жаңатұрмыс, Шілікті, Жалшы, Тарбағатай ауданының Жаңаауыл, Алтай ауданының Быково, Күршімнің Егіндібұлақ, Жолнұсқау, Үшбұлақ, Қаратоғай, Катонқарағай ауданының Топқайың, Ұланның Жоғарғы Тайынты, сондай-ақ, Шемонаиха ауданының Большая речка мен Медведка ауылдарында пайда болмақ. Оның ішіндегі төрт базалық станса халыққа «Билайн» сауда маркасымен танымал «КаР-Тел» компаниясына тиесілі болады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметі бойынша, өңірде 184 елді мекенді кезең-кезеңімен интернетпен қамтамасыз етудің жол картасы әзірленіп, бекітілген.

– Биыл елді мекендерге ұялы байланыс және интернетпен қамту мақсатына қомақты қаражат бөлінуде. Дәлірек айтсақ, өткен екі жыл ішіндегі бюджетіміз 2,5 миллиард теңгені құраса, биыл бір жылға ғана осындай соманы бөлудеміз. Бір сөзбен айтқанда, қаражат бар, қоймаларымызда бүкіл керек-жарағымыз бар. Енді жұмыс істеу ғана қалды. Біз үшін Шығыс өңірі өте маңызды. Өйткені, облыстағы халықтың 60 пайызға жуығы біздің ұялы байланысты қолданады. Бізге ендігі керегі екі-ақ нәрсе, оның біріншісі, қолжетімді электр энергиясы болса, екіншісі, көлік мәселесінің оңтайлы шешім табуы. Міне, осындай екі бұйымтайымыз бар. Сізден облыс басшысы ретінде аталмыш мәселелерді шешуге көмектесуіңізді сұраймыз, – деді Е.Настрадин.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев қолдан келген көмектің бәрі көрсетілетінін жеткізді.

– Соңғы кездері интернеттің сапасына қатысты айтылып жатқан сын көп. Сондықтан, сіздермен уақтылы жүздесіп тұрмыз деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, Шығыста «Билайнның танымалдылығы өте жоғары. Оған қоса, біздің облыстың туристік әлеуеті зор, ол жағын да ұмытпауларыңыз керек. Ең бастысы, біздің тараптан облыстың шалғай елді мекендерін сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан жұмысқа қолдау білдірулеріңіз керек. Себебі, Шығыс Қазақстанда шекара шебінде орналасқан елді мекен өте көп. Ал ондағы халықты сол жерде ұстап тұрудың бір әрі бірегей жолы ауылдарға интернет тарту. Міне, сіздер осы бағытқа басымдық берулеріңіз керек, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстандағы 363 елді мекеннің 179-ы мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. 2023 жылдың басынан бері облыста барлығы 10 849 тұрғыны бар 27 елді мекенге интернет тартылса, оның тоғызында дәл осы «КаР-Тел» ЖШС-ның базалық стансасы орнатылған.

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив