KZ
Өскемен
-9°
туман жел 3 м/с, ОШ
523.86 544.34 5.11

Кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту арқылы әлеуметтік саланы жандандыруға болады – ШҚО әкімі

26.01.2024, 18:16 127 Оразай Жеңісұлы

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовпен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

 

Шығыс жерінің асты да, үсті де бай, бұл белгілі. Сондықтан өңірімізде өнеркәсіп пен бизнес астасып дамудың даңғыл жолына шықты деуге болады. Орта және шағын кәсіпкерлік ірі қалалармен қатар ауыл-ауылда қарқын алып келеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Аймақ басшысы кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту арқылы әлеуметтік саланы жандандыруға болатынын атап өтті.

 
— Шығыс Қазақстан — ірі өнеркәсіптік, аграрлық өңір. Дегенмен өңірдің бизнес саласында да игі бастамалар өте көп. Бизнестің қашан да әлеуметтік маңызы зор, өйткені кірісі мол кәсіп бюджетті де толықтырады. Мәселен, өткен жылы шағын бизнестен ғана 127 млрд теңге мөлшерінде салық түскен. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен де жоғары. Сондай-ақ бізде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ұтымдылығын көрсететін жобалар да көп, — деді Ермек Көшербаев.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы сөз болғанда, ойға оралатын ауқымды жобалардың бірі — "Алтай"  көтерме-тарату орталығының құрылысы. Өзіміз ғана емес өзге өңірлерді де отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірегей қойма туралы бұған дейін де жазғанбыз. Дәл осындай ұтымды жобалар қатарын көбейту маңызды. Облыс әкімі аталмыш жобаны мысалға ала отырып, Палата төрағасына осындай ұсыныс-пікір білдірді.

— Ұлттық кәсіпкерлер палатасы — билік пен бизнес арасындағы алтын көпір іспетті. Екі тарап қашан да ашық пікір алмасуға тиіс. Мұндай дөңгелек үстел басындағы жиындар осы үшін керек. Екіншіден, біз нақты іске көшуді жеделдетеміз. Мәселен, Шығыс өңірінде туризімді дамыта түсеміз десек, нақты бір инвестициялық жоба ұсына алуымыз керек. Ал жоба жүзеге асуы үшін республикалық немесе облыстық бюджет есебі деңгейінде белгілі бір шешімдерді қабылдауымыз керек. Сонда ғана ісіміз алға басады, — дейді Р. Баталов.

Кездесуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы өңір басшысына бірқатар инвестициялық жобаларды таныстырды. Райымбек Әнуарұлы әрбір ауданға тек бірнеше бағытта басымдық бере отырып жоба ұсынған жөн деп есептейді. Облыс әкімі аталмыш жобаларды жүзеге асырарда "жасыл" туризмді назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті.

 

Кәсіпкерлер саладағы түйткілді мәселелер және тың жобалар жөнінде сөз қозғап, ортаға бірқатар ұсыныс тастады. Аймақ басшысы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, халық игілігін көре алатын кез-келген бастаманы қолдауға дайын екенін айтып, маңызды мәселелерді жеке-жеке қарастырып, жол табуды ұсынды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу