Өскемендік ұландар алғашқы жауынгерлік қызметке шықты
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің жас сарбаздары жауынгерлік қызметке алғашқы рет аттанды. Жақында ғана әскери ант қабылдаған жас жауынгерлерге қару-жарақ бекітіліп, әскери техника тағайындалды. Енді олар Өскемен қаласының көшелерін торуылдап, жауынгерлік қызмет етуге кірісті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Айта кетейік, жас сарбаздардан құралған жауынгерлік жасақ Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін, қала тыныштығын қамтамасыз етеді. Айтулы сәтке орай, әскери бөлімінің саптық алаңында жас сарбаздардың алғашқы жауынгерлік қызметіне арналған таралым өткізілді.
1-2023 және 2-2023 жылғы шақырылымнан құралған 116 сарбаз алғашқы жауынгерлік міндеттерін орындауға аса мұқияттылық танытты. Айта кетейік, арнайы шараға әскери бөлімнің ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып жас жауынгерлердің алдағы жауынгерлік қызметтеріне толағай табыстар тіледі.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі