Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев уәкілетті органдар өкілдерімен бірге қала іргесіндегі Жыланды кентіне барып, тұрғындар көтерген мәселелерді көзбен көріп танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұған дейін жыландылықтар қала әкімінің жеке қабылдауында болып, жол мен жарық мәселелерін, балалар алаңын жөндеуді өтінген еді. Ауылдың байырғы тұрғыны әрі белсендісі Зоя Хасянованың айтуынша, Предгорная көшесіне орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдан бері уәде етілгенімен орындалмаған. Көктемде жоғарыдан аққан қар суы асфальтталмаған жолды шайып кететін көрінеді.
— Жолдың осы бөлігіне былтыр қиыршық тас төсеген еді, бірақ бұл да көмектеспеді. Бізге еріген су ағатын арық қазып берсе жақсы болар еді. Жарық бағаналары да қалай болса солай орнатылған. Соған қарамастан көптеген үйлердің ауласы қараңғы, жарық жиі сөніп қалады. Бастау көшесінің бойындағы балалар алаңы да жөндеуді қажет етеді, — дейді Зоя Хасянова.
Маратбек Сүлейменов ақсақалдың Бастау көшесіндегі №28 үйге көшіп келгеніне бірнеше жыл болыпты.
— Жаңа әкіммен танысып, өз мәселелерімізді айтып жатырмыз. Көктемде Молдағұлова көшесінен аққан қар суы осы жерден өтіп, Ертіске дейін жетеді. Ең алдымен жол мәселесі шешілсе екен дейміз. Жаңа басшыға ісіне сәттілік тілейміз, — деді ол.
Кент тұрғындарымен бірге біраз жерді аралап шыққан Алмат Ақышев бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге болатынын айтты.
— Тұрғындардың көтерген мәселелері бір күнде пайда болған жоқ, олар жылдар бойы қордаланған. Біз ең өзектілерінен бастап барлығын кезекпен шешуге тырысамыз. Қар ерігеннен кейін судың ағуын бақылаймыз. Еріген қар суы үйлерге кірмейтіндей арықтар қазу керек. 300 метр жерге асфальт төсеу қиын емес, биыл осы мәселені шешеміз. Жарық бағаналары да ретсіз орнатылған, оларды қалыпқа келтіреміз. Әр үйдің ауласы жарық болуы керек. Қараңғы жерлерді анықтап, бұл мәселені де шешеміз. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Алмат Ақышев Өскеменнің шеткері аудандарына да тиісті көңіл бөлінетінін және бюджет мүмкіндігіне қарай барлық кемшіліктерді жоюға тырысатындарын жеткізді.
Айна Ескенқызы
Фото: Нелли Петенева
Видео: Ермек Жиенбеков