KZ
Өскемен
-18°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
526.81 542.72 5.16

Қала әкімі Согра кентінің тұрғындарымен кездесті (видео)

Бүгін, 17:30 69 Гульжан Мусина

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов қызметке кіріскеннен бастап облыс орталығының шеткі аудандарын аралап, тұрғындардың мәселелерімен танысуға уәде берген болатын. Бүгін қала басшысы Согра кентінің тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кенттегі №23 мектепте өткен кездесуге тұрғындар белсенді түрде қатысты. Олар мешіт пен мұсылмандар зиратының құрылысы, жарық мәселелері, саябақ пен футбол алаңын күтіп ұстау сияқты бірқатар маңызды сұрақтарды көтерді.

Ескі Согра тұрғыны Надежда Баранова теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер өткелінің сынғанын және екі жақтан өскен ағаштардың поезды көруге кедергі келтіретінін айтты.

— Жақында бір қарияны поезд қағып кете жаздады. Бұл мәселені шешуге көмек сұраймыз, — деді тұрғын.

Қала әкімі жол бойындағы ағаштарды кесу мәселесін теміржолшылармен бірлесе шешетінін және жол белгілерін көктемде орнататынын жеткізді.

1977 жылдан бері осы жерде тұрып келе жатқан Жомарт ақсақал мұсылмандар зиратына жер бөлу және мешіт салу мәселесін көтерді. Қала әкімі бұл сұрақты жан-жақты талқылау қажет екенін атап өтті:

— Бейітке жер телімі бұған дейін бөлінген. Алайда оның орналасқан жері қолайсыз деп шешілген екен. Енді мешіт өкілдерімен бірлесе отырып, тиімді шешім қабылдауға дайынбыз, — деді әкім.

Халифа Алтай мешітінің ұстазы Берік Қадірұлы мешіт құрылысы жайында былай деді:

— Біз жергілікті кәсіпкерлермен кеңесе отырып, бұрынғы дәмхана ғимаратын сатып алдық. Алдағы уақытта оны қайта жаңартып, мешітке айналдырмақпыз. Бұл шариғатқа қайшы емес, мәселе жақында шешіледі, — деп түсіндірді ол.

Кездесу барысында кенттің жолдарын жөндеу мәселесі де қозғалды.

— Биыл орташа жөндеу жұмыстарына шамамен 200 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаражат аясында жоспарланған жобаларды аяқтаймыз. Қосымша қаражат табылса, басқа көшелерді де жөндеуге қарсы емеспіз, — деді Алмат Ақышов.

«Біріккен Энергосервистік Компания» АҚ бас инженері Дмитрий Шепотько жиі сөнетін жарық мәселесін түсіндіріп, мәселені шешу бағытындағы жоспарларын баяндады.

Кездесу соңында қала әкімі:

— Көктемде саябақ пен футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ оларды күтіп ұстау сіздердің жауапкершіліктеріңізде болады. Барлық сауалдарыңызды жазып алдық, оларды шешуге тырысамыз, — деп қорытындылады.

Шаһар басшысы кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдады.

Айна Ескенқызы

Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу