KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 2 м/с, В
444.14 477.05 4.85

ШҚО көрермендері «Қар қызымен» қайта қауышты

9.02.2024, 21:10 116 Қызырбек Дүргінбайұлы

Жазушы Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасын қала тұрғындары тағы бір мәрте тамашалады. Бұл жолы қойылым мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алу аясында көрермен назарына ұсынылды.

Алтайдың асқақ жазушысы Оралхан Бөкейдің аңызбен астасқан драмасының астарында айтылар ақиқат көп. Шығарамдағы тағдыр шындығын актерлер қойылым кезінде шынайы көрсете білді. Қаламгердің «Қар қызы» драмасын осыған дейін режиссер Дина Жұмабай Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы қарсаңында сахналаған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қойылым домбыра сазымен басталады. Сиыршы шал сиқырлы әуен аясында Қар қызы туралы хикаятты баяндап бастайды. Қар қызы.  Ол мынау сұп-суық өлкеде сыңсытып ән салатын ару қыз ғой… Залдағы көрермендердің де Қар қызына деген ынта-ықыласы осы арадан бірден байқалады. Ары қарай көрермен қауым Қар қызымен бірге қиял әлеміне қанат қағады.

– Біздің театр мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанда әкім болып тұрған тұста салынған. Жаңа өнер ордасында өңірдегі театр өнерінің жаңа тынысы ашылып, көкжиегі кеңейді. Бұл театрда көптеген фестивальдер өтіп, қойылымдар қойылды. Осылайша, Шығыстағы театр өнер дамыды. Сондықтан да Бердібек Сапарбаевты еске алу аясында «Қар қызы» драмасын көрермен назарына қайта ұсынып отырмыз, –  дейді ШҚО драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызы.

«Қар қызы» – көңіл астарындағы көп сұраққа жауап беріп, оқырманға ой салар шығарма. Ал оны театр сахнасы арқылы тамашалау тіптен ғажайып әсер сыйлайды. Көрерменнің таңғажайып әсер алып, тамсанып шыққанын қойылым соңында көрдік. 

– Бұл шығарманы бірнеше рет оқыған едім. Жалпы Оралхан Бөкейдің шығармалары керемет ғой. Аңыз бен ақиқатқа толы. «Қар қызы» шығармасы кез келген адамды қызықтырады. Кітаптан оқу бір басқа да, сахнадан көру бір басқа екен. Өз басым өзгеше әсер алып шықтым, – дейді қала тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.

Айта кетейік, шығарманың алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылыпты. Бірақ кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағында жарық көрген.

Фото: Валерий Шведов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив