KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
441.44 473.09 4.75

ШҚО-да инвесторларға қолайлы жағдай жасалады

14.03.2024, 19:30 75 Нұржан Кенжеұлы

Инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасау Шығыс Қазақстанда жер қойнауын пайдалануды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев пен Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті делегаттарының кездесуінде айтылды.
Ертең Өскеменде аталмыш комитеттің геологиялық барлау мәселелеріне арналған көшпелі отырысы өтеді. Ал бүгін комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев пен сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов аймақ басшысымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданып жатқан реформаларға айрықша мән берілуде. Соның бірі осы жер қойнауын пайдалану мен геологиялық барлауды дамытуға қатысты. Ал ол үшін ең алдымен өңірлермен жұмысты ширату қажет. Осы жылдың екінші тоқсанында Астанада геологиялық барлау мәселелеріне арналған үлкен жиын өтеді. Сол жиынның алдында біз көшпелі отырыс өткізуді жөн деп таптық. Мұндай келелі басқосуды өткізетін орын ретінде Шығыс Қазақстан облысын таңдадық. Өйткені, сіздерде бұл тұрғыда тәжірибе мол, – деді комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Оның айтуынша, ертеңгі көшпелі отырысқа бірқатар министрліктің, осы салада қызмет ететін кәсіпорындар мен басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысады.
Ал облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, бүгін Шығыс Қазақстанда дәл осы салада жұмыс істеп жатқан үлкенді-кішілі кәсіпорын өте көп.

– Дәл қазір облысымызда 380 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олардың барлығы нәтижелі жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Осы салада жылдар бойы қызмет көрсетсе де экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналатын, өз міндеттерін ойдағыдай орындай алмай жатқан кәсіпорындар бар. Ал бұл өз кезегінде қарапайым халықтың тарапынан түсетін арыз-шағымды көбейтеді. Енді осындай жер қойнауын пайдаланушылардың мәселесін біржақты етуіміз керек. Жалпы, бұл бағытқа жүйелілік жетіспейді, – деген аймақ басшысы бұл саладағы қордаланған мәселелер облысқа инвестор тартуға да кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы әлеуетті инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

- Қазір олар бұл салаға инвестиция салғысы келмейді, өйткені геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қатысудың шығыны көп деп есептейді. Біз өңірге жергілікті және шетелдік инвесторларды тартатын неғұрлым жайлы орта, қолайлы инвестициялық ахуал құру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деп атап өтті Ермек Көшербаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив