Өскеменде «Наурыз Jastar fest» дәстүрлі фестивалі өтті (видео)
Облыс орталығында осымен екінші жыл қатарынан «Наурыз Jastar fest» жастар фестивалі өтті.
Биылғы фестивальдің былтырғыдан ауқымы кеңейіп, мән-мағынасы арта түскендей. Мұны шаһардағы Комендантка скверінде ұйымдастырылған іс-шарадан аңғардық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында жасқа да, жасамысқа да тамаша көңіл күй сыйлаған бұл іс-шараның өтуіне Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы мұрындық болғанын айту керек.
Өскемендіктер мен қала қонақтарына ұлттық құндылықтарымызды, төл спортымыз бен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған биылғы іс-шараның тағы бір ерекшелігі садақ атудан сайыстың ұйымдастырылуы болды. Сондай-ақ фестиваль аясында «Өмірімді өрнектеген әсем әуен» ән сайысы, «Шұғылалы көктем» би сайысы, «Ұлы дала үні» домбырашылар сайысы, «Үздік образ» байқауы мен асық ату, арқан тартыс, қой көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінен жарыстар өтіп, мерекенің көркін қыздырды. Бағы жанған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге фестивальдің бас демеушісі «Казцинк» компаниясы атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ фестиваль қонақтары алаңқайда тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татып, көне карталардың көрмесін тамашалады. Бұған қоса алтыбақанда тербеліп, бүркітпен және тазымен суретке түсудің орайы келді.
Ал кешкісін Ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.