KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Зайсанда су арық арнасынан асып, бірнеше үйдің ауласын басты (видео)

pexels.com

21.03.2024, 09:00 103 Назерке Каримова

Кеше Зайсан ауданында күн жылынып, таудағы қар суы еріді.

Қарғын су арықтардың арнасына сыймай, Сауыр мөлтек ауданындағы бірнеше үйдің ауласына кірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Зайсан ауданында ауа температурасының күрт көтеріліп, жауын-шашынның түсуіне байланысты қар еріді. Таулардан еріген тасқын су Зайсан қаласының Сауыр мөлтек ауданы жағындағы көшелердің бойындағы арықтарға сыймай, бірнеше үйдің ауласын су басты.

- Шұғыл шаралар қолға алынып, үйлердің аулаларына кірген су арнайы сорғыш құралдарымен тартылып, қауіп сейілді,  - деп хабарлады Зайсан ауданы әкімдігі. - Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылына баратын жолдың су орған жерлері қалпына келтірілді. Қарабұлақ ауылының кіре беріс жолын да су басқан болатын. Су асатын жерлерге топырақ төгіліп, шұғыл шаралар қабылданды.


Төтенше жағдайдың алдын алуға аудан әкімдігінің, ТЖ бөлімінің, «СМУ-Шығыс» ЖШС-ның, «Зайсан» ККМК, Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасы, «Тарбағатай-Мұнай», «Синьсин» компаниялары, Зайсан қаласы, Қарабұлақ ауылдық округінен барлығы 82 адам мен 15 техника жұмылдырылған.

- Қазіргі уақытта жағдай тұрақты,  - деп хабарлады аудан әкімдігі. - Қарабұлақ ауылының және республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» жолына зақым келген жоқ. Аудандық, облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдары барлық бағыттар бойынша ашық. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылудың, энергиямен жабдықтаудың, судың апаттық тоқтауы болған жоқ. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ туралы хабарламалар түскен жоқ. Қазіргі уақытта жауынның арты қарға ұласуынан ауа температурасы төмендеп, таудан аққан қар суының көлемі азайды. Жағдай тұрақты бақылауда.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив