Риддер Наурыз мейрамын алғаш рет ұлан-асыр тоймен атап өтті
Қыдыр ата мен Наурыз қыз Риддерге жайма-шуақ көктем мен мереке алып келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Таң ертемен басталған мерекелік шаралар қас қарайғанша жалғаспақ.
Бүркіт ұстап, тазы ерткен батырлары ілескен Қыдыр ата мен Наурыз қыз киіз үйден шығып, орталық алаңға келді.
Орталық алаңда алтыбақан, он шақты киіз үй құрылып, мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылып, түрлі тағамдар әзірленді. Қала тұрғындары қыран бүркіт, құмай тазымен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Ат, понимен серуендеп, мергендік қабілетін сынағысы келгендер садақ атып жарысты.
Ұлттық киіммен 30 шақты салт атты қолдарына көк туымызды ұстап, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Бұл Қазақстанды мекен еткен ұлттардың береке-бірлігінің белгісі.
Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев жиналған жұртты мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Қала әкімі Риддердегі Наурыз мейрамын ұйымдастыруға белсенді атсалысқан жандарға алғыс хаттар табыстады.
Орталық алаңда өтіп жатқан концертте қазақ эстрада жұлдыздары Диана Шарапова, Олег Никитин, Ұланғасыр Қами мен вокалист Ерлан Асанов, «Экстази» шоу-балеті өнер көрсетеді. Концерттің соңы отшашумен аяқталады.
Риддерге бірінші рет келген Диана Шарапова ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.