KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Халықтың айтқан сыны орынды – Ермек Көшербаев

Шартты сурет: pkzsk.info

26.04.2024, 11:57 91 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бүгін өткен әкімдіктің отырысында осылай деді. Бұл қоқыс шығару мәселесіне қатысты айтылды.

Аймақ басшысы өңір тұрғындарының қоқыстың уақытында шығарылмауына жиі шағымданатынын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Тұрғындардың қоқыстардың уақытында шығарылмауына, бұл жүйенің мүлде реттелмегеніне қатысты билікке айтқан сыны орынды. Мысалы, мұндай жағдай Алтай ауданында болды. Су тасқыны жағдайы Алтай ауданында күрделі екенін түсінемін. Дегенмен, қала қызметтерін тазалық жұмыстарынан ешкім босатқан жоқ, - деді облыс әкімі.

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, қоқыс шығару бойынша мердігерді анықтауға екі рет конкурс жарияланған, бірақ жергілікті кәсіпкерлер оған қатысуға ниет танытпаған екен.

- Қоқыс шығару бойынша екі бригада жұмыс атқарып жатыр. Мердігерді анықтауға екі рет конкурс жарияладық, бірақ жергілікті кәсіпкерлер оған қатысуға әлі де ниет танытпай отыр. Бұған дейін қызмет көрсеткен компания наурыз айынан бастап жұмысты тоқтатты. Біз қазір сырттан мекемелер тартып жатырмыз. Бүгінгі таңда қоқыс уақтылы шығарылып отыр, - деді аудан әкімі.

Осы ретте Ермек Көшербаев қоқыс шығару бойынша қызмет көрсеткен компания не себепті жұмысын тоқтатқанына назар аударды.

- Компания неліктен жұмысын тоқтатты, неге конкурсқа қатыспады? Басқа жерлерде компаниялар бұл үшін күресіп жатады. Барлық елдерде қоқыс шығару бизнес үшін өте табысты. Әрине, егер дұрыс жағдай жасалған болса. Демек, сіз бір нәрсені дұрыс істемегенсіз. Егер компанияны, бизнесті бұл қызықтырмаса, демек сіз сондай жағдай жасап отырсыз. Сіздерде қаражат бар, ендеше тұрғындардың өмір сүруін жайлы ету керек, - деді аймақ басшысы.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив