KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

Өскеменде Жеңіс күнін атап өтті

9.05.2024, 13:00 292 Ләззат Қанатқызы

Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толды. Бірнеше жылға созылған сұрапыл соғыста қаншама жауынгер жан алысып, жан берісіп шайқасты. Майданға аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткендердің қатарында, әлбетте, шығысқазақстандықтар да болды.

Жерлестеріміздің ерлігінің ескерткіші - Даңқ мемориалында бүгін салатанатты шара өтті. Облыс орталығындағы жұртшылық батырлардың рухына тағыз етіп, Мәңгілік алаудың жанына гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Гүл шоқтары - Отан үшін от кешіп опат болған жауынгерлердің рухына, қазына кеуде ардагерлерге, қайсарлықтың үлгісі болған тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет еді.

- Сіздерді ел тарихындағы осы бір қастерлі сәт – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Отан қорғаудағы ерліктің, батылдық пен қайсарлықтың айтулы мерекесі. Бұл күні бейбіт заман сыйлаған аға буынды ілтипатпен еске аламыз. Бүгін өңірімізде 14 соғыс ардагері және 5 мыңнан астам тыл еңбеккері бізбен бірге мерекені атап өтуде. Батырлар мен ардагерлерінің еңбегін құрметпен еске алып, жас ұрпаққа дәріптеу - біздің қасиетті борышымыз. Біз әрдайым өңірімізден шыққан батырлардың ерлігін үлгі етіп, ұлықтап келеміз. Жерлестеріміз Т.Тоқтаров, В.Мыза, Қ.Қайсенов және І.Айтықовтың есімі елді мекендерге, көшелер мен мектептерге берілген. Ардагерлерге қамқорлық жасау - бүкіл қоғамның басты міндеті, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Шығыстан майдан даласына аттанған 90 мыңнан астам жауынгердің жартысы қайтып оралмады. Ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алуға олардың ұрпақтары да келді.

- Менің әкем соғысқа аттанып, қайта оралмады. Өзім сексеннің сеңгіріне шықтым. Бүгін әкемді еске алып, гүл шоқтарын қоюға келдім. Отан үшін жанын қиған жауынгерлердің ерлігі мәңгі есімізде қалады. Әкем майдан даласына аттанғаннан кейін  еңбекке ерте араластым. Өскелең ұрпақ тек бейбіт өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешсін деп тілеймін, - деді тыл ардагері Қалиғожа Қабдуалиев.

Фото: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив