KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
530.12 546.08 5.17

Өскеменде «Отан отбасынан басталады» форумы өтті

14.05.2024, 14:09 169 Айна Ескенқызы

Өскемен қаласында 15 мамыр –халықаралық отбасы күні қарсаңында «Отан отбасынан басталады» атты облыстық форум өтті. Форум аясында  «Қазақстан отбасы - 2024» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды.  Байқау барысында  «Гауһар той иелері», «Алтын той иелері», «Күміс той иелері»,  «Ең жас көп балалы отбасы» (35 жас), «Мейірімді жүректі отбасы», «Заманымыздың Қаhарманын тәрбиелеген отбасы», «Еңбекшілер династиясы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараны отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау, қазіргі жас отбасылардың мәртебесін көтеру, отбасылық салт-дәстүрлерді, жас отбасылардың қазіргі жағдайдағы белсенді әлеуметтік көзқарастарын қалыптастыру мақсатында «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссияның қолдауымен ұйымдастырған.

- Форумға облысымыздың қалалары мен аудандарынан көп балалы отбасылар, гауһар, алтын, күміс той иелері,  көп балалы отбасылар, еңбек династиялары қатысып отыр. Бұл шара облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі мереке. Бір қуанарлығы, байқауға қатысушылардың саны жылдан жылға артып келеді. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру жанұядан бастау алады. Тәрбиелі, өнегелі жастары бар мемлекеттің іргетасы да берік, дамуы да қарышты болары сөзсіз. "AMANAT" партиясы  да осы шарадан тыс қалмай, үнемі қолдау көрсетіп келеміз, - деді "AMANAT" партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.

Қазылар алқасының мүшесі, «Шығыс-Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айжан Игасанованың айтуынша, сайыстың қорытындысын шығару оңай болмапты.

- Ұсынылған материалдарды талдаған кезде біздің өңірде қандай тамаша отбасылар тұратынына куә болдық. Әсіресе еңбек өтілдері бірнеше жүздеген жылға жететін еңбек династиялары, гауһар тойға жеткен қариялар, көп балалы жас отбасылардың өмір салты  жас ұрпаққа үлгі. Ең бастысы -отбасын қалай құру керек,  қалай бақытты болуға болады, өнегелі ұрпақты қалай тәрбиелеу керек деген сияқты  мәселерді көтеретін тәрбиелік мәні зор форум болды, - деп қосты Айжан Игасанова.

Сахнаға мараттауға шыққан әр отбасын ауданның өкілдері мен туған-туыстары, жақындары қолдап отырды.

Риддер қаласынан келген Дарменбаевтар отбасы “Гауһар той иелері”,  –самарлық Құсайыновтар отбасы  “Алтын той иелері” , Саябек Курманович пен Маншук Камбаровна Самар ауданынан, Тарбағатайдан келген Искаковтар отбасы “Күміс той иелері” номинацияларында жеңімпаз атанды. Өскемендік Грунскийлар отбасы  «Заманымыздың Қаhарманын тәрбиелеген отбасы», Күршім ауданынан  Абдешевтар отбасы “Мейірімді жүрек”, 

Глубоковское ауданынан Қазиевтар отбасы «Еңбекшілер династиясы» аталымдары бойынша үздік шықты.

«Ең жас көпбалалы отбасы» номинациясын жеңіп алған  - Сайланбек Ахыметбек пен Гүлжайнар  Әбілғазы Зайсан ауданынан келіпті. Гүлжайнардың жасы 34-те, алты балалары бар.

- Жолдасым жұмыста, мен өзім бала тәрбиесімен үйде отырмын. Екі қыз, төрт ұлымыз бар, кенжеміз Айпері алты айда.  Облыс орталығына, осы форумға келуімізге мүмкіндік берген аудан әкіміне, бізді қолдаған барша жандарға алғысымды айтамын. Балалар да үлкен шаһарға алғаш рет  келіп отыр, барлығы ұнады бізге, - дейді Гүлжайнар.

Аналары сұхбат бергенше үш жастағы  егіз ұлдары асыр салып, ойнап, жиналғандардың көз қуанышына айналды. «Балалы үй - базар» деп бекер айтылмаған ғой.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу