Энергетика вице-министрі: «Риддер ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр»
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жылыту маусымына дайындықты бағалау мақсатында Шығыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында ол Риддер ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер ұйымдардың еңбеккерлерімен және өкілдерімен сұхбаттасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кәсіпорындағы жылыту маусымына дайындық және жұмыстардың орындалу мерзімдері туралы вице-министрге Риддер ЖЭО бас инженерінің орынбасары Кирилл Голота баяндады.
Голотаның айтуынша, бүгінде жылу орталығындағы барлық алты қазандық агрегаттары, қосалқы жабдықтар, сондай-ақ экономайзерлер, су жылытқыштар жөнделуде.
Оның айтуынша, көрші елден қажетті материалдарды жеткізу кешеуілдеген, бірақ қазір мәселе шешіліп, жеткізушілер құралдарды кезең-кезеңімен әкеле бастады. Атап өтерлігі, жаңарту барысында қолданылатын материалдарының кем дегенде 80%-ы – отандық.
Қазандықтарды, турбина цехын және басқару торабын көрген вице-министр мемлекет жылыту маусымына дайындық барысын қолдауға дайын екенін және энергетика министрлігі туындаған мәселелерді жедел шешу үшін облыс басшылығымен тығыз байланыста болатынын қадап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Риддердегі ЖЭО мен жылу желілерін жаңарту жұмыстарының жалпы құны – 8,5 миллиард теңге. Оның 7,4 миллиарды республика бюджетінен бөлінген.
Фото: Екатерина Скударнова