KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Жерлестері Әлем чемпионын қарсы алды - ШҚО

28.07.2024, 18:19 175 Нұржан Кенжеұлы

Шығысқазақстандық спортшы Фаина Мейріманова Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, алтын медаль еншіледі. 

Бүгін Өскемен-1 теміржол вокзалында сужаңа Әлем чемпионын бір топ жанкүйері күтіп алып, спортшыға зор қошемет көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Айта кетейік, Тайбэйде өткен жаһан біріншілігінде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз биіктікке секіруден 20 жасқа дейінгі сурдо спортшылар арасындағы әлем рекордын жаңартты. Өскемендік бұрымды 1 метр 76 сантиметрге тең биіктікті еңсерді.

– Қарсыластарым өте мықты болды. Әсіресе, Беларусь пен Украинадан келген спортшылардың дайындығы мықты екен. Ал өзіме келсем, нәтижеме көңілім толады. Әлем чемпионатындай ірі жарыста жеңіске жетудің өзі бақыт қой. Өте қуаныштымын. Жалпы, жарыс басталмай тұрып алдыма қажетті биіктікті бірінші мұүмкіндіктен еңсеріп, бас жүлде аламын деп мақсат қойған едім. Және сол мақсатыма жете білдім. Бұл ретте, маған қолдау білдірген барлық жерлестеріме, ұстаздарыма, ата-анам мен бапкерім Богдан Весельскийге ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді чемпион қыз.

Еске салайық, бұл – Фаинаның биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі емес. Жерлесіміз сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған болатын. Спортшының көрсеткіші 1 метр 76 сантиметр болған еді. 

Сурдо-жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы және Фаина Мейірманованың жеке бапкері Богдан Весельский Тайбэйдегі жарыс өте тартысты өрбігенін, дегенмен шәкіртінің жеңісіне еш күмәнданбағанын жасырмады.

– Негізі, Фаинаның жеке рекорды бұдан да жоғары. Сондықтан, оның жеңісіне деген сеніміміз зор болды. Енді келесі жылдың күзінде Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз. Сонымен қатар, менің шәкіртім кәдімгі спортшылар арасындағы жарыстарға да қатыса алатындықтан, биыл Перу астанасы Лимада өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында да бақ сынап, жүлдеге таласатын боламыз. Алдағы мақсат-міндеттеріміз осындай, – дейді бапкер.

Ал республикалық жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукиннің айтуынша, Фаинаның жетістігі Қазақстан жеңіл атлетикасы үшін тарихи жеңіс болды. Себебі, бұған дейін отандастарымыз бұл спорт түрінен дәл осындай жетістіктерге жетіп көрмеген екен.

– Биылғы маусым Фаина үшін өте сәтті болуда десем қателеспеспін. Енді тамыз айында Перуде өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатында жерлесімізден жеңіс күтеміз, – деген жеңіл атлетика федерациясының өкілі болашақта Мейірманова Сурдлимпиадада ғана емес, Олимпиада ойындарында да ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыға айналатынына сенім білдірді.

Оның сөзіне сенсек, Фаинаның бұған әлеуеті жетіп тұр. Демек, Мейірманованы осыдан төрт жылдан кейін АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында да көріп қалуымыз ғажап емес.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу