KZ
Өскемен
-7°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
498.55 524.28 4.75

Неміс тарихшысы ШҚО-дағы петроглифтерді зерттеп жүр

30.07.2024, 10:00 515 Ержан Әбіш

Жақында Гёттинген университетінің (Германия) профессоры, алтайтанушы Йоханнес Реккель Катонқарағай ауылының маңында орналасқан Сиректас тауындағы петроглифтерді зерттеуге келді.

– Алтайдың кейінгі қола дәуірі мен ерте темір дәуірінен қалған петроглифтері туралы мәлімет алу үшін Аманжолов университетіндегі «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Майра Шүршітбайқызымен бірге арнайы келдім. Алтайды көру арманым болатын. Катонның маңындағы петроглифтер жақсы сақталған екен. Тастағы суреттер айқын көрінеді. Бұғының, таутекенің бейнелері көп кездеседі. Бұдан шығатын ой – бұл суреттер ерте темір және қола дәуіріне жатады.
Алтай жеріне жасаған сапарымнан алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Табиғаттарыңыз өте сұлу, бірегей екен. Өскемен маңындағы Аблакетка аймағында да болып, тарихымен таныстық. Осыдан кейін Алматы, ары қарай Моңғолияға ұшамын, – дейді неміс профессоры.

Алтайда ықылым замандардан сыр шертетін жұмбақ  жерлер жетерлік. Солардың бірі – петроглифтер немесе тастағы бейнелер.

Петроглиф грек тілінен аударғанда «тас ою» деген мағынаны білдерді. Олар алуан тақырыпты қамтыған. Петроглифтерге ежелгі заманнан (палеолиттен) бастап орта ғасырға дейінгі тастағы бейнелер жатқызылған. Көбіне бұғы, доңыз, құлан, бизон секілді жабайы аңдар бейнеленеді. Тіпті жер бетінен жоғалып кеткен мамонттың, азулы жолбарыстың суреттері кездеседі.

Облыстық археологиялық ескерткіштер деректерінде көрсетілгендей, Катонқарағай мен Үлкен Нарын өңірлерінде   петроглифтер анықталған 8 орын бар. Катонқарағай ауданында осындай тағы екі жер табылған.

С. Ластаев атындағы мектептің тарих мұғалімі Фархат Нұртазин 1865 жылы Катонқарағай өңіріне Ресейден әйгілі түрколог, этнограф, археолог, шығыстанушы В. Радлов келгенін айтады. 

– Ол Бұқтырманы жоғары бойлай көтеріліп, Берел қорымына дейін барған. Сол арада бір қорғанды ашып, біраз қола заттар тапқан. Сонымен қатар Катонқарағайдың бірнеше жерінен петроглифтерді тауып, соларды суретке түсіріп алған.
1959 жылы өлкемізге Ленинградтан Эрмитаждың ғылыми қызметкері С. Сорокин экспедициямен келеді. Ол өлкемізде бір жаз болып, бірнеше қорғанды зерттейді. Оның ішінде Катонқарағай және Берел қорғандары бар. Қазіргі аудан орталығының жоғарғы жағында ертеде қорғандар болған. Соларды қазып, мәлімет жинаған. Сол кезде мектеп жасындағы ауыл тұрғындары Феликс Щербаков пен Лев Илюшкин (бүгінде Ресейде тұрады) қорғандарды қазуға қатысып, кейбір заттарды мектеп музейіне апарған. Ол кезде Ленин (қазіргі С. Ластаев) мектебінде арнайы өлкетану музейі болған-ды. Орыс зерттеушісі мектеп оқушыларымен ауылымыздың солтүстігіне қарай үш шақырым жердегі Сиректас тауындағы петроглифтерді суретке түсіріп алған. Кейбірінің сызбасын жасаған. Сонымен қатар зертеушілер петроглифтер бейнеленген жартастың бір бөлігін қиып, Ленинградқа алып кеткен. Сорокиннің бұл экспедиясы туралы «Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы» деген еңбегі бар, – дейді Фархат Мұқтарханұлы.

Орыс зерттеушісінің еңбегінде Катонның маңындағы Сиректас, Шөгел, Байырман, Қабырға, Таутекелі деген жерлерде петроглифтер бар делінген. Тастағы суреттер б.з.д. 5-7 ғасырларға жатқызылған.

 Тимур Серікхан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Хурметбек арафат 30 шілде 2024 15:40
0

Өте керемет жарайсыз