KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

Зауытта өткен ашық есік күні құнды деректер айтылды

1.10.2024, 16:00 155 Нұржан Кенжеұлы

Еліміз бен Шығыс Қазақстан облысындағы металлургия саласындағы алпауыт кәсіпорындардың бірі саналатын Үлбі металлургия зауытында жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл күні зауыт өкілдері қонақтарды кәсіпорын тарихымен және шығарылатын өнім түрлерімен таныстырып, ядролық отын өндірісіндегі мүмкіндіктерін паш етті.

Қазіргі уақытта Өскемендегі «Үлбі металлургия зауыты» АҚ атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын саналады. Сондықтан болар Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдум қарсаңында бұл кәсіпорынның жұмысына деген қызығушылық еселеп артқан. Биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтетін өндіріс орнында төрт мыңға жуық адам еңбек ететінін айтқан жөн. Оның біраз бөлігі атом электр стансаларына қажетті дайын отын шығаратын «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-ның зауытында жұмыс істейді.

2021 жылы іске қосылған бұл кәсіпорын Үлбі металлургия зауыты мен қытайлық CGNPC-URC компаниясының бірлескен жобасы саналады.

Белгілі болғандай, бұл зауытта жылу бөлетін құрамалар және олардың компоненттері шығарылады екен. Төмен байытылған уранға қайта есептегенде жылына 200 тонна өнім өндіріледі. Өнім Қытайдың атом станцияларына жөнелтіледі. Жоба аясында 180-нен астам жұмыс орны құрылған.

– Біздің кәсіпорында кадр тапшылығы жоқ. Сол сияқты, болашақта елімізде АЭС салынатын болса да, мұндай проблема туындамайды деп ойлаймын. Себебі, еліміздің өзінде осы сала мамандарын дайындап шығаратын бірнеше жоғары оқу орны бар. Оның үстіне, болашақ атом электр стансасын салатын елдің міндетіне сол нысанда еңбек ететін қазақстандық мамандарды даярлау жұмысы да кіретінін айтқан абзал. Жалпы, әр АЭС-те бірнеше мың адам жұмыс істесе, оның бәрі ядролық физика саласының маманы болуы керек деген сөз емес. Мұндай нысандарда еңбек ететін адамдардың басым көршілігі қосалқы жұмысшылар екенін ұмытпау керек. Сондықтан, бұл бір жағынан жұмыссыздықты жоюға да септігін тигізетін жоба болатыны анық, – деп түсіндірді «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экология және қауіпсіздік ғылымдары академиясының академигі Манарбек Қылышқанов.

Ашық есік күні барысында қонақтар уран өндірісіне барып, атом реакторларында қолданылатын жылу бөлетін құрамалар үшін негіз болып отырған уран отын таблеткаларын дайындау үдерісімен танысты.

 

Фото: Жәнібек Ырысбай

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив