ШҚО-да 21 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды
Фото: ШҚО ӨКҚ
ШҚО-да 21 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар Архитектура, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң талаптарын бұзған.
Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциялау бөлімінің басшысы Самат Қайырдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде қазір 57 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр, олардың 12-сі бюджет қаражатынан, ал 45-і коммерциялық негізде бой көтеруде. Алайда тексеріс нәтижесінде 7 тұрғын үй кешенінің құрылысқа қажетті құжаттар жиыны толық емес екені анықталды.
Құжаттарды дұрыс рәсімдемеген нысандар тізіміне мыналар енеді:
- «Astoria» ТК (тұрғын үй кешені), құрылысшысы – «Дейнека» ЖШС;
- «Шаңырақ» ТК, «Шаңырақ Ел» ЖШС;
- «Asyl Tau» ТК, «Орда Трейдинг» ЖШС;
- «MUZ TAU» ТК, «Премиум Строй НС» ЖШС;
- «Krilova» ТК, Максим Шелинговский;
- «Emeralds» ТК, «Royal Finance group» ЖШС;
- Сол жағалау, 85-ші нысан, «Технология комфорта» ЖШС.
Сонымен қатар Өскеменде екі проблемалық тұрғын үй кешені анықталды –«Emeralds» және «Astoria». Осы нысандар да құрылыс үшін қажетті құжаттармен қамтамасыз етілмеген, бұл жайт үлескерлердің алаңдаушылығын тудырып отыр.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты тұрғындарға және ықтимал сатып алушыларға келісімшартқа қол қоймас бұрын барлық құжаттарды мұқият тексеруді ұсынамыз. Ол үшін Қазақстан Жаңғырту компаниясының (ҚЖК) тұрғын үй порталындағы (homeportal.kz) ақпаратты пайдалануға болады, онда нысандардың құрылысқа қатысты рұқсат құжаттарының жағдайы туралы мәліметтер жарияланған.
Осы шараларды сақтау тұрғын үй сатып алу мен үлестік қатысу мәселелерінде туындайтын қиындықтарды болдырмауға көмектеседі, болашақ тұрғындардың құқығын қорғауға жәрдемдеседі.