KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Діни радикализм деген не?

7.12.2024, 12:15 36 Гульжан Мусина

Қазіргі заманауи қоғамда «деструктивті діни ағымдар», «діни радикалдану» деген ұғымдар жиі естіліп, оның адамзат үшін қауіптілігі мен кері әсері сарапшы мамандардың басты назарында. Сонда бұл ұғымдардың қандай мағынасы бар? Оның белгілері мен бағыттарын ажырату сіз бен біз үшін өте маңызды екені сөзсіз.

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған. Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы өз әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді. 

Халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр. 

Радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сеніммен байланыстыруға болмайтынын мынадай айырмашылықтардан көруге болады:

- деструктивті ағымдар ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады; 

- деструктивті топ идеологтары адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылық қатынастарды бұзуға үндейді;

- радикалды топ мүшелері мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайды, тіпті көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды, соның ішінде БАҚ өкілдері мен елшілерді жазықсыз өлтіруде;

- радикалды ағымдар саяси және қаржылық мүдделер үшін мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққазаңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенеді;

- діни заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтамай өз нәпсілеріне еріп, қылмыстық жазаны жүзеге асырады. 

Деструктивті ұйымдар жүргізіп жатқан қызмет шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай ұйымдардың әрекеттері дінге, діндарлар қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс ретінде бағаланады.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Деструктивті діни топтардың ықпалына түскен адамдардың бойында мынадай типтік белгілер кездеседі: 

– діни тақырыпқа әсіре әуестенушілік; 

– ата-анасына бағынбау, істерін теріс көру; 

– өзіне тән емес бөтен және оқшау пікірлер айтып, оғаш қылықтар көрсету; 

– өзінен-өзі тұйықталу; 

– тамақтану тәртібінің бұзылуы; 

– үй кітапханасындағы әдебиеттердің орнын басқа сипаттағы кітаптармен толықтыруы; 

– еш себепсіз үйінен жиі кетіп қалу; 

– отаншылдық сезімге, өз елінің төл мәдениетіне, салт-дәстүріне, ата-бабасына мысқылдап қарау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу; 

– араласып жүрген адамдарына, отбасына, достарына, кәсібіне қарым-қатынасының өзгеруі; 

Түйін: Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда. Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі. Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға жол берілмейді. 

Әсем Жылқышева

Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін 

зерттеу орталығының интернет кеңістігіндегі блогерлік және

қарсы насихаттық жұмысын мониторингілеубөлімінің маманы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу