Абақ ана және Сартоқай батыр хақында
Фото: e-history.kz
Қазақ тарихында ру атына айналған әз аналар аз болған жоқ. Көрнекті жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауиннің: «...Ежелгі епостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжұныс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана.
Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісі...» деген сөзі де жайдан-жай жазыла салмаған.
Керейлердің соның ішінде Абақ Керейдің Ер Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) заманынан бұрын қанша атаға бөлінгені аса анық емес. Ер Жәнібек елін, жерін жаудан қорғаған әйгілі батыр ғана емес, халқын даудан қорғаған шешен де көсем болған адам. Сол кісі Абылай ханның арнайы бекітуімен Абақ ана бауырында өсіп-өнген елді 12 рулы ел ретінде атаған екен.
Абақ атауына келсек, арыда Керей ханзадалары мен ханышаларының арасында Абақ, Абақберді, Абахан, Абақтай, Абақай, Абақ бике сынды есімдер болған. Сол ата-апаларының жолын жалғаған, тозып кеткен Керей елінің басын қосып, оған әз ана болған Абақ есімді қасиетті ана болған.
Осы арада бір нәрсені ерекше ескерте кету керек, бүгінгі он екі Абақ атанған әулет бір ғана Абақ деген анадан туып отыр деген сөз аңыз ғана. Шындығында бытырап жүрген Керейлердің ұлтанды бір бөлігінің басын қосып, оған тұтқа болған қадірменді қарт ана – Абақ тұтас елдің иесіне айналды. Жетімін жылатпады, жесірін жебеді. Атқа мінген батыры жорыққа аттанса Абақ анадан батасын алатын болды. Абақ ана оған жай ғана бата бере салмайды. Оның астына мінетін тұлпары нашар болса, бай-бағландарына тапсырма беріп, тұлпар сыйлайды. Қаруы жоқ болса қару береді. Артында кәрі шешесі, жас баласы қалса, оларды өз қамқорлығына алады.
Хандық кезеңіндегі «Үш жүз» атауы – үшке бөлінген ірі әскери топ болса, соның ортаңғы қанатының бірін Керейлер құрады. Керейлер атқа қонсын дегенде, олар – Абақ, Ашамайлы сынды екі әскери топ ретінде өз қосынын атқа қондыратын болды. Сайдың тасындай іріктелген бұл топ келе жатқанда өзгелер де оларды «Абақ балалары келе жатыр» деп атайтын болған.
Ескі шежірелік деректер Керейлерді – Абақ Керей, Ашамайлы керей, Уақ Керей, Қара Керей, т.б. деп бірнеше түрге бөлген. Уақ пен Керейдің қатарлас аталуы ежелден келе жатқан дәстүрлік шежіре. Абақ ана тұсында Абақ ана ауылдары мен уақ ауылдары көршілес, қоңсылас болған. Жауға шапқанда да уақтар өздерін «уақ Керейміз» деп Керей қосынымен бірге атайтын болған. Керейдің тарихта аты қалған батырларының уақ батырларын ұстаз еткені де сол ескі тарихтың елесі.
Абақ ана туралы тағы бір аңызда оны сары үйсін Самырзаның қызы немесе үйсін Сарымырзаның қызы деп атайды. Бұл аңыз болса да шындыққа бір табан жақын. Сол ежелгі құдалық Жәнібек батырдың әкесі Бердәулетке дейін жалғасып, Бердәулеттің алған әйелі сары үйсін Досымбек, Өмірбек деген батырлардың қызы Хадиша болған. Одан Ер Жәнібек туады.
Сарыүйсін – Ұлы жүз құрамына кіретін ежелгі тайпа. Ұраны – Байтоқты. Таңбасы – Абақ. Сарыүйсіндер – Бәйдібек бабаның бәйбішесі Марау (Сары бәйбіше) анадан тараған ұрпағы. Сарыүйсіндер ежелден Жетісу (Іле, Шу, Талас өзендерін бойлай) өңірін, Қаратау баурайын мекен еткен.
Мұндағы Сарыүйсін таңбасының Абақ болуы мен осы әулеттен шыққан қыздың есімі мен таңбасының ұқсас болуы да аңыз бен ақиқаттың жақындығын меңзейді.
Жәнібек батыр дүниеге келер қарсаңда, 1600-1710 жылдар арасында Абақ Керейлер мен Сары үйсіндердің Сарысу бойында көршілес, қоңсылас отыруы да олардың тарихи сабақтастығын, құда-жегжат, нағашылы-жиенді жақындығын көрсетсе керек. Сарысу, Шу, Талас бойының сол кездегі қазақ-жоңғар арасындағы шекаралық аймақ екенін еске алсақ, жоңғарлар бас көтергеннен кейінгі жаулаудың бірінші соққысы осы өңірден басталғанында еш шүбә жоқ. Керейлердің орта жүз рулары құрамында «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап (1723 жыл) Қаратау асатын кезі дәл осы кезеңдерден бастау алады.
Шежіре бойынша айтқанда, Сарыүйсін руынан шыққан Абақ ана халық басына түскен осындай қиын кезеңде тозғынға түскен елге ес болды. Батырларын атқа қондырып қорғана білді, жоқ-жітігін бауырына жинап, басынан сипады. Аштан өлтірмеді, көштен қалдырмады.
«Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен Керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттерден басталған сол ерлік өнегесінің жалғаушылары – уақ Бармақ батыр, Керей Шақабай, Барақ, Жабай, Ботағара батырлар Жәнібекке әрі ұстаз, әрі аға болған деседі».
Аталған батырлар арасында, былайша айтқанда Жәнібекке ұстаз болған батырлар сапында әз ана – Абақты көзімен көріп, өсиетін тыңдап, аманатын арқалаған адамдардың болғаны шын. Тіпті Ер Көкше, Ер Қосай, Бармақ сынды уақтың әйгілі қарт батырларының бірі болмаса біріне Керейдің жас батырларын тапсырып, аманаттап кетуі де қисынға келеді. Ауызша тараған аңыз бойынша «уақ батырлары Керей батырларын қасына ертіп жүріп баулыды» деген әпсана бар.
Жоғарыдағы аңыз бен ақиқат, дерек пен жорамал, ауызша жеткен ата шежіресі – Абақ ананың өмірде болған адам екенін айғақтайды. Ол аумалы-төкпелі замандарда Керей ұлысының ұлтанды бір бөлегінің басын қосып, олардың қазақтың басқа рулары қатарында өмір сүруіне, жауға қарсы шығуына ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлға.
Осы Абақ ананың шаңырағы кімде қалды? – деген сауалға келсек, керей шежірелерінің бәрінде: «Қара шаңырақ керейдің кенжесі Сарбаста қалды» дейді.
Қара шаңырақ ұғымы қай дәуірде болмасын, ұлықталып келген. Мағжан Жұмабаев жырларында:
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?, – деген жолдар бар.
Әйгілі ақын Арғынбек Апашбайұлы жырларында:
Абақтың Сарбас Керей кенжесі деп,
Бəрі де бұрын туған өзгесі деп
Осылай айтады ғой ғұламалар,
Жаратқан қара ормандай пендесі деп..., – деген жолдар кездеседі.
Шежірелік деректердің барлығы да Сарбастың Керейдің кенжесі әрі қара шаңырақ иесі екенін жоққа шығармайды. «Сарбас шежіресіне» сараптамалық зерттеу жасаған Жамбыл Артықбаев та аталған деректерді қуаттап: «Көп шежіре нұсқаларындағы ортақ бір дерек Сарбастың Абақ Керейдің кенжесі екендігі. Абақ Керей шаңырағы Сарбаста, ұраны Сартоқай деп жазады» дейді. Абақ Керейдің қара шаңырағы саналған Сарбас руы туралы айтқанда қазақ тарихындағы киелі орда, байырғы шаңырақтың бірі болып таңбаланды.
Ендеше, Сарбас руының көш бастаған көсемі, қол бастаған батыры Сартоқай батыр кім? – деген сауал туады.
Тарихи жазбаларда жоңғарлар Қазақ даласына шабуыл жасағанда Уақ, Абақ Керейлер ауыр қырғынға ұшырап, Сарысу бойына дейін ауған жаугершілік жөнінде Төле би (1663-1756): Сарысу бойында Керейдің Сартоқай, Əлменбет, Жабай сынды батырлары бастап, жоңғарлардың бетін қайтарып, қалың Арғын мен Найманды қырғыншылықтан қорған қалған еді», – деп əңгімелеп, бұл батырлардың жоңғарларға қарсы соғыста жаужүрек батырлығы, жанкешті ерлігіне жəне Абақ Керей елінің қажымас қайратына сүйініп, «Асыл тусаң Керей бол, үш қазаққа мерей бол» деп бағалаған. «Абақ Керей төр шежіресінің» қайта басылымының (2008 жыл) алғы сөзінде: «Арыда Сартоқай, Жабай, Əлменбет; бертініректе Бұқарбай, Қаптағай, Машан, Қожаберген, Байтайлақ, Жантай, Шақабай жəне тағы басқа батырлар талай реткі қанды шайқастарда жау бетін қайтарып еліне ұран болған батырлар», – деп атаған. Бұл пайымдаулар Сартоқай батырдың Сарбас елі Абақ Керейдің алғашқы қалыптасқан руларының бірі болып тұрақтанған кезеңде танылып, Сарбасқа ұран болған аруақты батыр екенін көрсетеді.
Уикипедия дерегіндегі: «... Сарбас руының ұраны болған Сартоқай батыр – Аягөз, Бұлантыда болған Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысқан белгілі батыр... Сартоқай батыр туралы деректер өте аз сақталған» дегенге келсек, Сартоқайдың Ер Жәнібек батырдан жас жағынан көп үлкендігі, арғы тарихтың тұлғасы екені меңзеледі. Сартоқай ғана емес, Керей қосынындағы қарт батырлар Жабай, Жанат, Əлменбет, т.б. батырлар хақында да дерек аса көп емес. Ел ауызындағы ескілікті шежіре бойынша Сарбас руының Абақ Керейдің қара шаңырағы болып атанғанын еске алсақ, тұтас бір тайпа ел батыр-бағлансыз, бас алқа бисіз бір шаңырақты жай бір атаға тели салмайды. Қазақ үйіндегі қара шаңырақтың өзін көшкенде қарт, майталман атанға салатыны сияқты сенім артқан серке ойлы, атан жілікті азаматтар таңдалады. Осы бір қарапайым логиканың өзінен-ақ Сартоқай батырдың Абақ ана дәуірінде, сол кісінің ақ батасымен атқа мінген ұл ретінде бағамдауға болады.
Жәнібектің балалық шағы Сартоқай сынды батырлардың ат жалында арпалыста жүрген кезі есептеледі. Жалпы уақыт жағынан қарағанда 1700-1755 жылдар ішіндегі қазақ даласындағы қанды ұрыстар талай ерді қан майданда сынады. Аталған деректерді саралай қарағанда, Сартоқай батырдың Жоңғар заманында болған батырдың бәрінен де үлкен, қарт болғаны байқалады. Сартоқай сынды ерлер жаумен шайқасып ерекше ерлік танытып қана қоймастан, жас батырларға ұстаздық етті. Оларды қанды майданда қанаттандырып, балапан құстай баулыды. Осы дәуірдегі қазақ батырларының қай-қайсысы болмасын жоңғарға қарсы соғыста сапта да, сапар да қанды көйлекті бірге киіп, еліне жоқшы болғаны анық.
Ұлы Далада ел-жеріне қалқан болған батырлар өте көп. Солардың бірі Абақ Керейдің ішіндегі Сарбас руының ұранына айналған аруақты батыр Сартоқай» екенінде талас жоқ. Осылайша, Сартоқай бастаған Сарбас жауынгерлері де қазақтың өзге батырлары сапында ерен ерлігімен көзге түсті. Қазақ жерін азат етудің шешуші сағыстарында қан кешіп ұрыс салды.
Керей батырлары арасында – Ошыбай, Тұрсынбай, Сәменбет, Самырат, Төлеке, Жабай, Жантай, Жанат, Сартоқай, Шақабай, Бұқарбай, Байтайлақ, т.б. көптеген батырлардың есімі аталады. Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы ұранға айналған қазақ батырларына тоқтала келіп: «Олар еліне олжа салған батырларын ұран етеді» деп, соның бірі ретінде Сарбасқа ұран болған Сартоқай батыр есімін атайды.
Олай болса, Сартоқай есімінің Сарбас руының ұранына айналуы тектен текке атала салмаған. Қан кешкен ұрыста елдің алдына, жаудың өтіне шығып, қарсы жақтан есе-теңдік алған, ел мен жерді қорғаған, халқына олжа салған даңқты батырлар есімі ғана ұран болады. Және де қазақ батырлары есімінің ұранға айналуы мен жауға қарсы ұрандап шабуы оқиға желісі жағынан – жоңғарларға қарсы соғыс кезеңінде көбірек туғаны байқалады. Соның ішінде 1600-1750 жылдар аралығындағы бір жарым ғасыр ішіндегі ат үстінде атойлаған қазақ батырларының көбінің ұранға айналғаны көрінеді.
Сарбас ұрпақтары, Сартоқай атаны аты ел ұранына айналғаннан қазірге дейін аруақты батыр ғана емес, Қызыр дарып бақ қонған, сəуе көретін киелі адам деп біледі. Ас пен тойларда үлкен шаңырақтан дəм татып, жаратқанға сыйынып, «Сартоқайлап» ұрандаса, арысқа түскен балуан, бəйгеге қосылған жүйріктің жүлделі болмайтыны жоқ деп, Сартоқай атамызды пір тұтады.
Ендеше, біз тілге тиек етіп отырған Сартоқай батыр жай батырлардың бірі емес, жаудың жағасын жыртып, көбесін айырған, елінің жоғын жоқтаған баһадүр. Жас шамасы мен кейінгіге жалғанған аңыз-әпсанасынан қарағанда жоңғарлар қазақ даласына алғаш басып кіргенде ат үстіндегі атақты батырдың бірі болғаны анық.
Жәнтекей ұран салса – «Шақабайлап»,
«Жанат» – деп Жәдік шығар тағы айқайлап,
Молқы – «Машан», Сарбастар – «Сартоқайлап»,
Ителі – «Бұқарбайлап», Қарақас – «Қаптағайлап»...
Халық жырларындағы ұранға айналған батырлардың бел ортасында «Сартоқай» есімі де тұр.
Ел аузындағы ескі әңгіменің тағы бір парасында 95 жасқа келіп тобықтай шал болған Сартоқай батырдан немере, шөбере, шөпшектері жиналып: «ата, не арманыңыз бар?» деп сұрапты деседі. Сонда, белі бүгілсе де есінен ес жаңылмаған қария сақалын тарамдап: «Кішкентай бала күнімде әжелерімнің мені алдына алып отырып, сыңсып отырып айтатын бір әні есімде қалыпты. Ұмытпасам: «қайран, Алтай мекенім, саған қашан жетемін...» дейтін жолдары болушы еді. Мен: «Әже, Алтай деген қай жер?» деп сұрағанымда, соза күрсініп: «Е, қарағым, Ұлы Ертістің басында, Сауыр-Сайқан қасында Алтай деген ұлы тау бар. Сенің мекенің сол жер» деуші еді жарықтықтар. Менің арманым сүйегімді сол жерге жеткізіп қойсаңдар» деп өсиет айтқан екен.
Керей көші Мыржық, Арқалық, Едірей өңірін аз жыл мекендесе керек. Жәнтекей Барақ батыр Мыржық тауының батыс сілемінде Қарасор көлінің жағасында көз жұмыпты. Сүйегі де сонда жерленген екен. Сол жерде дүниеге келген шөпшектерінің біріне Сартоқай қария: «Мыржық» деп ат қойыпты. Арада аз жыл өтіп, көштің беті Арқалық тауынан асып Аякөз өңіріне беттегенде қарт батыр көз жұмған екен. Батырдың жаназасына келген қаз дауысты Қазыбек би: «алдымда аға болған қазақтың көне көзден қалған жалғыз тұяқ қариясы осы кісі еді» деп көзіне жас алыпты.
Әрі Жәнібек бастаған Керей батырларына: «қарияның тілегін орындаңдар, қазір қалмақтың бір етегі Сауыр-Сайқанды басып жатса да, ел билеген қалмақ төресіне өзім хат жазып берейін. Сүйегін батырдың өзі өсиет еткен даланың бір биігіне жерлеңдер!» депті деседі аңыз. Қаз дауысты Қазыбек би қалмақ төрелеріне хат жазып, батырдың сүйегін бір жағы қазақ, бір жағы қалмақ болған ежелгі өлкенің бір бүйіріне жерлеген екен.
Аталған аңыз ауыздан ауызға тараған ел ішіндегі ескі сөздің бір сарқыншағы. Дегенменде, қазіргі Зайсан жеріне Керейдің кенжесі атанған, қара шаңырақ иесі Сарбастардың елдің ең алдымен келген алғашқы көш екенін еске алсақ, ескі әңгіменің арқауы шындыққа жанасады. Тіпті Зайсан жеріндегі «Сартоқайдың зираты», «Сарбас қыстауы», «Сарбас жайлауы», «Сарбас дарасы» сынды ескі атауларды да соның айғағы ретінде атауға болады. Абақ ананың қара шаңырағын қазіргі Шығыс Қазақстан жеріне жеткізген батырдың Алтай төрінде алаңсыз көз жұмуы да алтын аңыздың бір үзігі.
Қорыта келгенде, Сартоқай батыр (1660-1755) – қазақ тарихының қанды балақ жылдарында елі мен жерін қорғау үшін қан кешкен батырлардың бірі болып, тұтас бір рудың ұранына айналған әйгілі тұлға. Бүгінгі күн үшін алғанда өткен бабалар рухын ұлағаттау – бір жағынан қарағанда тарихқа тағзым, аруаққа құрмет болса, екінші жағынан елім деген ерлер рухын ұрпаққа өнеге, үлгі ету болып табылады. Қазақ батырларының өр тұлғасын асқақтатып, жас буынға отаншылдық, батырлық идеясын барынша сіңірсек, елдігіміздің ертеңі жарық, болашағы нұрлы болады!
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-тарихшы, академик.
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.