KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да Мәдениет және ақпарат вице-министрі азаматтық сектор өкілдерімен кездесті

Кеше, 14:30 68 Төлеуғазы Жансая

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында өңірімізге келген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өңір тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында азаматтық қоғам саласын, ақпарат, жастар, мәдениет және отбасы саясатын, конфессияаралық және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесуге облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, этнобірлестіктердің, азаматтық сектордың өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Бүгінгі таңда еліміздің ілгерілеуінде, қоғамның өркендеуінде азаматтық сектордың алатын орны ерекше. Шығыс Қазақстан осы бағыттың дамуы бойынша республикада көшбасшылардың бірі болып табылады.

– Өңірде 600-ге жуық қоғамдық ұйым, он үш қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Шығысқазақстандық қоғам белсенділерінің көптеген жобалары мен бастамалары республикада қолдау тауып, елімізде азаматтық сектордың дамуы жағынан алдыңғы қатардамыз. Мысалы, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық ұйымдардың қызметіне қатысты ұсыныстарымыз заңнамаға негіз болды, – деп атап өтті кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Жиында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова ведомствоның атқарып жатқан жұмыстары туралы қысқаша баяндап өтті.

– Биыл «Масс-медиа туралы» Заң қабылданды, қоғамдық бақылау заңы жүзеге асты. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң әзірленіп, Мәжіліс пен Сенат қарауында жатыр. Осы заң аясында ақпаратқа қол жеткізу мәселесі, мемлекеттік органдардың ашықтығы және олардың қызметіне қоғамдық бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар креативті индустрияға қатысты заң жобасы, архив мәселесіне қатысты заңнама белсенді талқылануда. Қайырымдылық саласының жұмысын реттеу мәселесі де жұмыс тобының шеңберінде қарастырылуда. Бұл бағытта ашықтықты қамтамасыз ету және электронды платформаны әзірлеу жұмыстары іске асады, – деді Айзада Құрманова.

Айзада Амангелдіқызы облыста архив ғимаратын салу бастамасын толық қолдайтынын жеткізді. Аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері вице-министрмен кездесу барысында өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, министрлік тарапынан қолдау сұрады.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтің айтуынша, өңірде он төрт волонтерлік фронт-кеңсе бар. Жаңадан құрылған Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында да фронт-кеңсе ашылды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына және министрліктің бастамасы – «Игі істер» марафонына волонтерлер белсенді түрде қатысты. Қаншама еріктілер халықаралық волонтерлер сыйлығын да алды. 2024–2026 жылдары волонтерлікті дамытуға бағытталған облыстық жол картасы қабылданған болатын.

– Жастарымыздың осындай белсенділігіне қарамастан, бізде бірнеше келелі мәселе бар. Соның бірі – студенттердің несиелік қарыздары. Жеті мыңнан астам студент сауалнамаға қатысты, нәтижесінде олардың мойнында төрт миллиард теңгеден астам несие бар екені анықталды. Бұл толық ақпарат емес. Өйткені көптеген банктер деректердің құпиялылығын сақтап, бізге ашық мәлімет бермеді. Біздің ұсынысымыз – жастарға несие берудің критерийлерін орталық деңгейде қарастыру. Екінші мәселе – жастар орталықтары қызметкерлерінің еңбекақысының төмендігі. Орталықтарда барлығы 143 қызметкер жұмыс істейді, алайда олардың еңбекақысы өте төмен. Ал атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз: жастар саясатын жүргізу, волонтерлікке қатысу, түрлі бастамаларды жүзеге асыру. Осы орайда жастардың еңбекақысын көтеруді қарастыруды сұраймыз, – деді Айдос Әділбекұлы.

Вице-министр келесі жылы көптеген идеологиялық шаралар мен мерейтойлардың жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның мерейтойы сияқты шараларды азаматтық сектордың белсенді қатысуымен және жергілікті әкімдіктердің бастамасымен өткізу жоспарланғанын жеткізді.

Кездесуден кейін вице-министр Айзада Құрманова азаматтарды жеке қабылдады.


Айна Ескенқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу