KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да қазір діни ахуал тұрақты ма?

18.10.2023, 14:47 1 981 Ләззат Қанатқызы

Бүгін – Рухани келісім күні. Елімізде дүниежүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға – рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі 1992 жылдан бастау алады. Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші әлемдік конгресі өтіп, барлық дін өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері манифест қабылдаған болатын. Осылайша, әр жыл сайын 18 қазан – Рухани келісім күні болып аталып келеді.

Бүгінде мемлекетіміз еліміздің діни тұрақтылығына баса көңіл бөліп келед. Бұған республикада 140-тан астам ұлт пен ұлыс және 18 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатуы дәлел. Осы орайда Altaynews.kz сайтының тілшісі Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Ернат Қыдырмоллаевпен сұхбаттасқан болатын.

 – Бүгінде өңірде қанша діни бірлестік бар?

 – Еліміз бойынша 18 конфессия өкілдері болса, Шығыс Қазақстанда 12 діни бірлестік бар. Әр діни бірлестіктің жамағаттарымен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды.

 – Қазір қоғамда дінге қатысты теріс пікірлер туындап жатқаны рас. Осы жайында не айтасыз?

 – Ел арасында дінге қатысты теріс пікірлердің туындауына негіз бар. Бүгінде діннің атын жамылып, түрлі деструктивті діни идеологияларын таратып жүргендер бар екені шындық. Облыс бойынша ондайлар көп емес, бірақ мүлде жоқ деп те айта алмаймыз. Оның көпшілігі – салафизм өкілдері. Біз олардың дәстүрлі дінге қайтып келуіне, зайырлы мемлекеттің қағидаттарын ұстанып, біздің Ата Заңымызды қолдауы үшін жұмыс істейміз.

 

 – Сол деструктивті діни ағымның құрбанына айналғандарды қалай анықтауға болады?

 – Әр жат ағымның өзіндік белгілері болады. Оның ең жеңіл жолы – дәстүрлі дінімізді ұстанатын жандардың ешқайсысы біздің Ата Заңымызға, тәртіпке, әдет-ғұрыпқа қарсы шықпайды. Егер мемлекеттік мекемелердің ішкі жарғыларына, Конституцияға, салт-дәстүрге қарсы шығатын болса, міндетті түрде деструктивті немесе өзге де діни ағымдардың мүшесі болып табылады. Сондай-ақ қосымша белгілері жүріп-тұруында, киімдерінде, айтатын сөздерінде көрініп тұрады. Яғни өз-өзін анықтап беретін, қоғамнан өзгеше көрініп тұратын ерекшеліктері болады.

 

 – Облыс бойынша 12 діни бірлестік бар екенін атап өттіңіз. Оның өкілдерімен қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 – ШҚО-да діни бірлестіктер арасында толық келісім бар. Өңірдегі діни ахуал тұрақты. Себебі бізде бірде-бір дін аралық қақтығыстар тіркелген жоқ. Екіншіден, Шығыс Қазақстанда республика бойынша бірінші болып діни бірлестік басшыларының клубы құрылған. Қазіргі күнге дейін ол клуб өз жұмысын атқарып келеді. Қоғамда қауіпті бір бағыт ашылса, осы клуб аясында талқылап, әр діни бірлестік өзінің шіркеуіне, мешітіне барып, жамағатқа осы бағыттан сақтануды түсіндіреді. Үшіншіден, тағы да еліміз бойынша алғаш рет бізде діни бірлестіктердің Ашық есік күні жарияланған. Мәселен, Құрбан айт мерекесінде мешіттің есігі айқара ашылып, бүкіл 11 конфессия өкілдері келіп, бір-бірін құттықтайды. Бұл дәстүр ең алғаш Өскеменде басталып, кейіннен өзге де аудандарда да жалғасын тапты. Төртіншіден, біздің барлық діни бірлестіктермен меморандум бар. Сол меморандум аясында діни ғимараттарда ҚР заңнамасын халыққа түсіндіре аламыз. Сондай-ақ жылына бірнеше рет семинарлар өткізіледі. Ең ауқымды семинарды 2017 жылы өткіздік. Онда бүкіл ауыл-аудан имамдарын облыс орталығына жинап, білікті ұстаздардан діни білімдерін арттыруға бағытталған 6 айлық семинар өткен. Осындай шараларды келесі, 2024 жылы тағы өткізу жоспарымызда бар. Облыста жоспар бойынша конференциялар, форумдар тұрақты түрде өткізіліп отырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу