KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО әкімі өңірдің белсенді жастарымен кездесті (Видео)

Фото:Аяужан Утеулинова
Фото:Аяужан Утеулинова
Кеше, 10:45 63 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңір жастарымен кездесіп, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі айрықша азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Облыс жастары жыл көлемінде білім беру, экология, волонтерлік, кәсіпкерлік және мәдени шараларға белсене қатысып, осы бағыттарда жаңашылдықтар ашып, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Жастардың барлық бастамалары мемлекеттік саясатты дамытуға жаңа леп, жаңа қарқын бергені сөзсіз. Бұл кездесу – жастардың қоғамдағы рөлін арттыру және олардың идеялары мен бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. 

– Бүгін облыс орталығында өңір басшысы белсенді жастармен, яғни, кәсіпорындардың жұмысшы жастары, креативті, шығармашыл жастар, волонтерлік ұйымдар мен аудандық жастар ресурстық орталықтарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында түрлі мәселелер көтерілді. Әсіресе жастар арасындағы лудомания,наркомания, буллинг және “Таза Қазақстан” жобасының іске асырылуы сынды тақырыптар қозғалды, – деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбекұлы. 

Сонымен қатар Ермек Көшербаев жастарға біраз тапсырма берді. Атап айтқанда, “Таза Қазақстан” жобасы аясында барлық мектептерге білім басқармасы экобелсенділермен, эковолонтерлермен ағартушылық жұмыстарды бірлесе жүргізу, «есірткісіз болашақ» қоғамдық қорымен бірге заңсыз есірткі бизнесіне қарсы жұмыстарды жетілдіру жұмысын қолға алу айтылды. Сондай-ақ, Өскеменде дрондар қозғалысын дамыту үшін мектептерде арнайы сабақтар ашу мәселесін қарастыруды ұсынды. 
Кездесу соңында өңір басшысы үздік деп танылған жастарды және «Қайратты жастар» облыстық жұмысшы жастар арасындағы фестиваль жеңімпаздарын марапаттап, қаржылай сертификаттар табыстады. 
«Жыл көшбасшысы» номинациясы – С. Аманжолов атындағы ШҚУ жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дінмұхаммед Серікбайға табысталды.
«Еңбек адамы» номинациясын – Өскемен ТМК өнімді өткізу бөлімінің бас маманы Таир Куралбаев қанжығалады.
Ал «Жыл қаһарманы» номинациясын – Шемонаиха қаласы №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Думан Кенжебеков жеңіп алды.
«Жыл бастамасы» номинациясында – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті, «Jas energy» жастар қозғалысының негізін қалаушы Леонид Измайлов марапатталды.
«Жыл волонтері» деп Ұлан ауданы волонтерлік орталығының белсендісі, оқу озаты Мелс Ерланұлы аталып, аймақ басшысының марапатына ие болды.


Ақерке Рағызбаева

Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу