KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Тауларда қауіпсіздік өте маңызды

Кеше, 19:00 48 Төлеуғазы Жансая

11 желтоқсан әлемде Халықаралық таулар күні ретінде аталып өтеді. Таулар тек әдемі табиғат және тамаша демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қауіптің көзі болуы мүмкін,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанның басты бөлігін Кенді Алтай таулары алып жатыр. Мұзды шыңдары бар Белуха тауы (4506 м) – Сібір мен Алтайдағы ең биік тау. Бұл жер қар, мұз, қар көшкіндерінің патшалығы. Оған биіктігі 3373 м Бүркітауыл тауы іргелес орналасқан. Бүркітауыл – Оңтүстік Алтайдағы Белухадан кейінгі ең танымал шыңдардың бірі.

Қысқы кезеңде құтқарушылар мен "Қазселденқорғау" ШҚ филиалының мамандары көшкін қаупі бар учаскелерді тексеру арқылы таулы аудандардағы қауіпсіздікке мониторинг жүргізеді. Өңір аумағының 70%-ында қар көшкінінің қаупі бар. Егер беткейлерде қар көп жиналса, алдын алу шарасы ретінде қарды қолдан түсіру жұмыстары жүргізіледі.

"Қазселденқорғау" ШҚ филиалының басшысы Советбек Станбеков:

"Біздің бақылаушы мамандар күн сайын қар көшкін ошақтарының жай-күйін бақылап отырады. Қар өлшегіш рейкалар қар мөлшерін анықтап, оның түсіру қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан, тұрғындарға дауылды ескертулерді назарға алуды және көшкін қаупі туралы хабарланғанда тауға шықпауды қатаң түрде ескерткіміз келеді," – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Советбек Станбеков:

"Өңірде барлығы 497 қар көшкіні ошағы бар. Қазіргі уақытта қар мөлшері 10-нан 70 см-ге дейін ауытқиды. Әзірге қар көшкінінің өздігінен түсу ықтималдығы жоқ," – деп қосты.

ШҚО ТЖД тұрғындарға кеңес береді:

  • Егер тауға шығуды жоспарласаңыз, жорықты 112 телефоны арқылы тіркеңіз.
  • Жалғыз бармаңыз, тәжірибелі гидпен бірге шығу қауіпсізірек.
  • Ауа райы қолайсыз болған жағдайда тауға шығуға тәуекел етпеңіз.
  • Сапалы жабдықты пайдаланыңыз және қауіпсіздік құралдарын ұмытпаңыз.

Төтенше жағдай орын алғанда, 112 нөміріне хабарласу қажет.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу