Абайдың құқықтық идеялары және оны қоғамда пайдалану мәселелері
Фото: pexels.com
Абай Құнанбаевтың есімі бүгінгі таңда әлемге әйгілі. Оны таныған мемлекеттер Абайдың өз заманында көтерген мәселелерін зерделеп, әлем деңгейіндегі ғұламалардың қатарына қосады. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «...Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал.» - деген еді. Өкінішке орай, Абайды тану, оның құқықтық идеяларын қоғамда пайдалану мәселесі бүгінгі күндері өз дәрежесінде емес. Абайдың құқықтық көзқарастары бүгінгі күні жүйелі түрде зерттелмей жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Мемлекетіміздің қазіргі даму жағдайында жастарды ұлттық, патриоттық сезімге баули отырып, құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Құқықтық сана-сезімді арттыру, құқықтық сауатсыздықты жоюдың маңызы артуда. Абай әлемінен біз осы сұрақтардың жауабын таба аламыз. Оның сол кезеңде айтқан ой-пікірлерін терең саралай отырып, бүгінгі күнгі қоғамдық қатынастарды дамытуда қолдануымыз керек.
Абайдың өмір сүрген әлемі мен қазіргі уақыт аралығын сараласақ, қоғам мен мемлекет дамуында біршама өзгерістер болды. Бабалардың сөзін арқау етіп өскен қазақ халқы өркениеттің даму сатыларына көтеріліп жатса да, асыл қазына болып табылатын ғұламаларының нақыл сөздерінен айналып кетпеді. Өзектілігін заман өзгерсе де жоғалтпаған, керісінше заманның ағысында маңыздылығы артып отырған мұралардың бірегейі - Абай мұрасы. Қазіргі құқықтық қайта құрулар кезеңінде Абай шығармаларының зерделенуінің маңызы да осында.
Абай шығармаларында адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетіне тіл тигізбейді. Біз өмір сүріп отырған қоғамда бұл жағдай керісінше өрши түскен. Адамдардың бір-біріне тіл тигізуі, ар-намысын қорлауы үйреншікті әдетке айналып кеткендей. Қоғамдық қатынастарға түсуде адамдардың мәдениетті, сабырлы, салмақты, мейірімді, әділ болуы бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы тұрғыда Абайдың бойындағы қасиеттерді адамдар өз бойларына дарытуы қажет. Құқықтық мемлекет құруға талпынып отырған еліміздің әрбір азаматы өз құқықтарын біліп қана қоймай, өзгенің құқықтарын сыйлап, бұзбауға тырысуы керек.
Абай өз кезеңінде құқықтық мемлекеттің не екенін білмегенімен, құқықтық мемлекетке тән белгілерге тоқталады. Мысалы, билік пен халықтың арасындағы байланыс, теңдік, адам құқығының қорғалуы туралы ойларының бүгінгі күні өзектілігі арта түспесе, кеміп отырған жоқ. Абай: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос. Не үшін десең: дүниеде жүргенде туысың, өсуің, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, барар жерің бәрі бірдей... Біріңе бірің қонақ, қонақ соры екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің...» - дейді. Бұл жерде ол тура айтпаса да адам баласының бірі-бірімен тең екенін, адам баласы бәріне ортақ табиғи құқықтарымен бірге өмірге келетінін астарлап жеткізіп отыр. Адамның өмір сүру құқығы бүгінгі таңдағы құқықытық мемлекет қағидаттарының негізіне айналып отыр.
Қоғамдық қатынастарды реттеуде заңдар негізгі рол атқарады. Құқықтық мемлекеттің басты белгісі болып табылатын заңның үстемдігі, яғни заң алдындағы барлық адамдардың тең болуы, заңға бағыну, заңды сыйлау туралы мәселелер қазіргі қоғамда талқылаудан түспей жүрген сұрақтар қатарында. Зерттеу барысында біз Абай өз шығармаларында заң күшінің басым болуын, адамдардың жауаптылығын сөз ететіндігіне көз жеткіздік. Демократиялық қоғамдағы билік мәселесін, соның ішінде заң шығарушы органның құқықтық мәртебесінің жоғары болуына тоқталады. Бұған оның: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» отыз жетінші қара сөзі дәлел бола алады.
Абайдың үшінші қара сөзінде: «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі - қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да - пайдалы іс, екінші - назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.» - деп айтылады. Бұл жерде Абай билік басына парасатты адамның келгені дұрыс деп санайды. Жаңа Қазақстанды құрудағы «парасаттылық» ұғымының құндылығының артып отырғандығын бүгінгі күні барша қазақстандықтар сезінуде.
Абай өз шығармаларында сайлау мәселесін де сөз етеді. Себебі ол, өз айналасынан мансапқұмар адамдардың билікке таласуын көреді. Абай бұл туралы «Тағы да народный суд хақында» деген мақаласында: «Пайдалы адамды сайлаумен залалды адамды сайлау арасында ешбір парық болмаса, жұрт неге азаяды?... Яғни өз жақынын сайлап, бар мақсаты табылғандай көрінеді. Сайлау көп үшін берілген нəрсе, көп пайдасын көздеп сайланса... сайлау дұрыс өз мағынасында болғаны. Халықтың пайдасы, залалы қаралмай, «мынау туғаным-тұқымдасым...» деп сайланса, ол сайлау емес» - деп жазады. Ол демократиялық мемлекетте сайлау еркін, әділ өтуі керек деп санайды. Абай заң шығарушы билік туралы ғана емес, сонымен қатар атқарушы билік туралы да жазады. Болыстыққа сайлану барысында бір-бірімен жарысып, бір-бірінің аяғынан шалып, өтірік уәде бергендерді көре отырып Абай билік басын келетіндер заңды білгендері дұрыс дейді. «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңінде осы ойларын береді, атқарушы адамдардың сол кездегі биліктің осал тұстарын көріп, шыншыл, халықтың қамын ойлайтын адам болғанын қалайды.
Абайдың үшінші қара сөзінен билерді сайлау, олардың саны туралы айтқанын көреміз. Билердің санының тақ болуы керек дейді, оны текке айтпаса керек. Билердің санының шағын болуы даулардың шешілуін де жылдамдатады деп топшылауын үшінші қара сөзінен байқаймыз. Абай: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады»,-деп. Оның мəнісі-тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен, дұрыс айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, əрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы əшкере білінгендікпенен түссе, əйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді делдалға сайлап алып біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді», - дейді.
Сыбайлас жемқорлық мәселесі қазіргі кезеңдегі қоғам болып күресетін мәселеге айналды. Бұл Қазақстанға ғана тән емес, барлық мемлекеттерде кездесетін құбылыс. Сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерімен және барлық деңгейлерден оған қарсы күрес жүргізетін жүйе болғанша қазіргі кезеңде Қазақстанның алдында тұрған ауқымды міндеттерді іске асыру мүмкін емес. Пара алу, пара беру мемлекеттің дамуына айтарлықтай кедергісін келтіретіні белгілі. Мемлекеттік қызметкерлердің пара алуының кесірінен ел экономикасы зардап шегеді. Осы бағытта Абай шығармаларын оқып, зерделеу мемлекеттік қызметкерлерге ешқандай артық болмас еді. Абай облысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер арсында өткізілген «Абай және парақорлық» тақырыбындағы семинар-тренингтің қорытындысы да осы ойға келіп тірелді.
Адам құқықтарының қорғалуы демократиялық, құқықтық мемлекеттерде бірінші орынға қойылады. Қазақстан мемлекеті де осы бағыттағы саясатты ұстануда. Абай шығармаларынан да адам құқықтарының қорғалуына аса мән берілгенін көреміз. Ол билік қағидаттарын іске асыруда ресейлік саясаттың дұрыс емес екендігін айта келіп, адамның кінәсі дәлелденбей жауапқа тартуға болмайды дейді.
Қазіргі кезеңде мемлекетіміз адалдық қағидаттарын басты орынға қою саясатын ұстануда. Патриоттық рухтағы, жан дүниесі таза, білімді, ұлттық намысы бар жастарды тәрбиелеу мәселесі өзекті болып отыр. Құқықтық мемлекеттің әр адамы құқықтық мәдениетті бола отырып, адам құқықтарының аяқ асты тапталуына жол бермеуі керек. Өкінішке орай бүгінгі таңда деструктивті діни ағымға берілген, ұлттық құндылықтарды жоққа шығаратын, заңды менсінбей өз білгендерін жасауға талпынып, тіпті жасап жүрген жастарды қоғамнан кездестірудеміз. Осындай адамдардың билікке келуі, құқық қорғау органдарына қызметке тұруы мемлекеттің дамуына кедергісін келтіріп қана қоймай, оның болашағана қауіп төндіреді. Абай шығармаларынан біз, оның осындай адамдардан сақ болуға шақырғанын байқауымызға болады. Бұған Абайдың «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» өлеңін дәлел ретінде келтірсек болады. Ол қазіргі кезеңдегі лауазымды адамдардың бойындағы жат нәрсе – бюрократтық туралы да айтады. Қасым-Жомарт Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойғанын білеміз. Абайдың адам құқығы және оны қорғау мәселелерін қозғауы оның құқықтық мемлекеттің идеясын меңзегені деп ұғынамыз.
Абайдың заң туралы айтқан ойлары толыққанды зерттелмей жатыр. Алғаш рет Тайыр Құлтелеев пен Айдарат Тәукелов Абайдың заңи пікірлерін зерттеуді қолға алады, бірақ зерттеу нақты аяқталмады, елдегі партиялық саясаттың, тосқауылдың салдарынан зерттеу мазмұны өзгереді. Абайдың қатысуымен қабылданған Қарамола ережесі оның құқықтық салаға да ден қойғанын білдіреді, бірақ бұл ереже әлі толық зерттелмеген. Ереже туралы заңгер-ғалымдардың еңбектерінде, ішінара материалдар беріледі. Қазақ Совет энциклопедиясында қысқа ғана мәлімет берілген. Толыққанды, жүйеленген зерттеу жинағы жоқ. Абайдың Мүсірәлі ақсақалға айтқандары сақталған. Ол: «...оязбен сөйлестім, қазақ дауы туралы орыстың шығарған заңы бізге тура келмейтінін айттым, ояз оған тоқтап: олай болса сен қазақтың ғұрпына, әдетіне, тұрмысына лайықты заң шығарып жаз, оны съезге жиналған билерге, елге оқып бер, егер оларға ұнамағаны болса түзет, сол көптің ұнаған заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ ортасында белгілі заң болсын..., соны жазып жатырмын, жаңа заңды жұрт ұнатқаннан кейін ояз бекітеді». - деген екен. Бұл Ереже бізге «Абай заңдары», «Абай жазған ереже» деген атпен жетті. Құқық саласын дамытып, зерттеуде өзіндік маңызы зор бұл ережеге біраз жылдар қолға алынбады.
Бірнеше жылдардан кейін Ресей архивтерінің бірінен табылған Абайдың «Үкімет - Сенатқа» деп аталатын арызы ойшылдың құқықтық көзқарастарын зерттеу барысында жинақталған материалдарды толықтыра түседі. Абайдың құқықтық көзқарастарын зерттеуге ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы өзіндік әсерін тигізді. Абайдың идеяларының дәл қазіргі кезеңде маңызды екендігін тәжірибе растап отыр.
Соттардың тәуелсіз болуы мемлекеттік билік қағидаттарының маңыздысы екендігі рас. Әділетті қоғамда соттар тек заңға ғана бағынады. Осы аталған қағидаларды Абай шығармаларынан таба аламыз. Судьяларды сайлау мәселесі бұрыннан айтылуда, бірақ іске асырылмаған. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерде бұл үрдіс жолға қойылған. Абайдың соттарды сайлау туралы ұсынысы, оның шет елдердің заңдарынан хабардар болғандығын білдіреді. Абайдың пайымдауында сот шешімдері заңға сүйеніп, әділ болуы шарт. Ол: «Кез келген үкімнің яки жазықтылықты яки жазықсыздықты анықтаудың негізінде өзінің бүкіл жиынтығымен фактілер жатуға тиіс» деп тұжырымдайды. «Ант» деген ұғымның мәнінің зор, жауапкершілігі жоғары екендігін ойшыл баса ескертеді. Ол ант берудің сол кездердегі элементтерін қолдануға болатындығын айтады. Аталмыш ойлар Абайдың заңгер екендігін дәлелдеп тұр. Заң ғылымдарының докторы С.Ударцев Абайды судья деп таныды. Абайдың судьяларды сайлау туралы идеясы бүгінгі күні өз жалғасын тауып отыр.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев жоғарғы сот судьяларын сайлау арқылы таңдау тәсілін ұсынды. Ол: «Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс. «Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн.» - дейді. Сот жүйесіндегі реформаларды жүргізуде Абай айтқан тұшымды ойларды негізге алу, соттардың адал болып, әділ шешімдерді шығаруына әсер ететіні дәлелденді.
Назигул Газизова
педагогика ғылымдарының кандидаты,
ҚР ПҒА корреспондент-мүшесі