Хәкім Абай және әйел құқықтары
Фото: massaget.kz
Хәкім Абай өз заманында әйел адамдардың құқықтары туралы айтып, әйел бостандығына назар аударады. Оны «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» атты өлеңінен байқауымызға болады. Неке мәселесінен туындайтын жағдайлар, оның ішінде әйел мен ер адамның тең болуы керектігі толғандырады. Ертеден келе жатқан некеге қатысты дәстүрлердің озығын заңдастыруды ұсынады. Құқықтық іс қаралғанда әйел адамның құқығы шектелмеуі керек екендігін баса айтады. Қазіргі кезеңде заңды тұрғыда болмаса да әмеңгерлік бойынша қайнысына немесе қайын ағасына тұрмысқа шықтым дегендерді кездестіреміз. Аталған жағдай қазақ қоғамында заңи реттелген. Мысалы, Қарамола Ережесінің 51 бабында: «Күйеуі қайтыс болған баласы жоқ әйел күйеуге шықпаса да мал-мүлікке ие болуға құқы бар. Күйеуге тисе бар малының сегізден бірін, баласы болса алтыдан бірін алады».- делінген. Осы бапты сараласақ, әмеңгерліктің құқықтық мәртебесін көруімізге болады. Қоғамымызда орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды болдырмауда кейбір дәстүрлерімізді заңдастырғанымыз да жөн болар деп санаймыз.
Абай шығармаларын саралау нәтижесінде ойшылдың қылмыс туралы ғана емес, сонымен қатар қылмыстық заңдар мен жазалауға да тоқталғанын көруімізге болады. Сот әділ шешім шығаруда дәлелдерге сүйенеді, яғни жазаламас бұрын адамның кінәсінің дәлелденуі керек. Абай да адамды кінәсі дәлелденгенде ғана жазалаған дұрыс деп санайды. Сол кездегі мал ұрлау, ұрып-соғу, күш көрсету, қорлау және т.б. құқыққа жат әрекеттерді ашып көрсетіп, оны болдырмау қажет дей отыра, құқықтық және құқыққа қарсы әрекеттерді түсіндіруге тырысады. Қылмыстық заңдарды саралау нәтижесі зайырлы қоғамның талаптарына сай қылмыстық заңнаманы ізгілендірілуге бет бұрғанын, ал қылмыстық жазаның мемлекеттік мәжбүрлеудің неғұрлым маңызды шарасы болып табылатынын анықтап отыр.
Қазіргі, біз өмір сүріп отырған қоғамда зорлық-зомбылық, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуі барша халықты, мемлекетімізді де алаңдатуда. Дағдарыс орталықтарына көмек сұрап жүгінгендердің саны артпаса кемімей тұр. Жүргізілген сауалнама нәтижесі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің 30 пайызын әйелдер мен балалар құрайтынын көрсетті. Бүгінгі күні көтеріліп отырған осы жағдай ойшылдың өмір сүрген кезеңінде де болды. Абай оны көріп, қынжылды, өлеңдері арқылы наразылығын білдірді. Ресейдің отарлау саясатының келеңсіз тұстарын көріп өскен ол қазақ халқын білімді болуға, ғылыммен айналысуға тартады, көзі ашық, оқыған адамның биліктің көлеңке тұстарын көре біліп, оған қарсы тұра алатынын насихаттайды.
Абай шығармашылығын зерттеу нәтижесінде оның ел экономикасының дамуын қалағанына көз жеткіземіз. Оған оның өлеңдеріндегі өркениет, мәдениет, құқық, білім, ғылым т.б. ұғымдарды қолдануы дәлел. Қазақ халқының дамыған мемлекеттердегідей өмір сүруін аңсады. Қазақ елін шет мемлекеттер өздерімен тең санауы қажет дейді. Барлық азаматтардың құқықтары тең болғанда ғана адамдар қоғамда алаңсыз болады деп тұжырымдады.
Жемқорлық мәселесі бүгінгі күні қоғамдық қатынастардың барлық саласын жайлап отырғаны шын. Мемлекет болып онымен күресу жолдары айқындалып, адалдық қағидаттарының қатал орындалуын қадағалау барысында нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, арнайы органдар құрылып, әр түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүргізілуде. Абайдың: «Əуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» - деген сөздеріндегі «сау еңбек» ұғымы адал болуды көрсетіп тұр. Сонымен қатар ол адам бойындағы асыл қасиеттердің жоғалып бара жатқандығын сөз етеді. Жағымпаздарды сынайды, пара беріп билік басына келетіндердің елдің дамуына кедергісін тигізіп, қауіп төндіретінін айтады.Бұл жағдайлардың орын алуында бай адамдардың үлесі басым екендігін, қарапайым кедей халықтың шарасыз екендігін жазып, қара халықтың болашағын уаймдап, мұңаяды.
«Ұят» - адам бойындағы құндылығы басым қасиеттердің бірі. Абай бұл ұғымды былай сипаттайды: «Ұят деген адамның өз бойындағы, адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнəрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар». Абай: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да», - деп қынжылады.
«Ұят» ұғымы қай кезеңде болсын маңыздылығын жоймайтын құндылық. Қазіргі қоғамда ұяттан аттап, жат қылықтарға бой алдырған жастарымыздың кездесуі әрине, көңілімізге кірбің түсіреді. Оған дәлел әлеуметтік желідегі әдепсіз жазбалар, бейнероликтер, үлкендерге деген құрметтің жоқтығы, қоғамдық орындарда ұятсыз әрекеттерді жасау т.с.с. Ата-бабаларымыздан келе жатқан тамаша салт-дәстүрімізді жоғалтпай, жастардың бойына Абай аңсаған құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу бүгінгі аға және орта буынның еншісі деп ойлаймыз. Бұл жерде, әр адам өзін-өзі тәрбиелеу керек деген қағиданы да жоққа шығармаймыз. Болашақта «ұят болады» культінің құқықтық өмірдегі көріністерін де қоғам талқысына салу керек деп ойлаймыз.
Абай шығармашылығын насихаттау мемлекет тарапынан қолға алынған, «Абай әлемі» пәні оқытылады, «Абайтану» орталықтары жұмыс жасайды. Бүгінгі қоғам дамуында аса қажет болып отырған Абай әлемінің осындай тамаша тұстарын ала отырып, насихаттау жастарды аталған жат қылықтардан ада болуға жетелеуде өз нәтижелерін береді деп санаймыыз. Бұл салада Абай білім мен ғылымға аса ден қояды. Адам бала кезінен білімді болуға талпынуы керек. Бұл жерде ата-анасының тәрбиесінің мәні зор болмақ. Отбасылық тәрбие тәрбиенің барлық саласының бастауы болуы қажет.Отбасында дұрыс тәрбие алған баланы ары қарай адал азамат ретінде шыңдау қоғамдық орындардың еншісінде. Адал да әділ тұлғаның қалыптасуында білім беру мекемелерінің ролі зор. Абай шығармаларының мазмұнды, жүйелі оқытылуы біз көтерген мәселелердің шешуін жеделдететін шарттардың бірі. Абайды тану деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама нәтижесінде Абайдың құқықтық идеясын насихаттау әлі де өз деңгейінде емес екендігіне көз жеткіздік. Рухани жаңғырудың басты идеяларының бірі - «қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімдар, интеллектуалды, зиялы адамдардың қажеттігі». Қазіргі заманғы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар өкілдері айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясының өзі Абайдан бастау алады. Өйткені Абай адамның, ұлттың өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге, өнерге, еңбекке басымдық беруі кемелдіктің көрінісі деп түсінді. Ендеше, «Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру - ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі». Рухани жаңғыру бағдарымызда көрсетілгендей, біздің көзқарасымыз, болмысымыз, өзіміз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни біз тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз.
Қазіргі таңда құқықтық нигилизмді (құқықты жоққа шығаруды) жеңуіміз қажет, оған көпшіліктің таң қалуын тоқтатып, заңға деген сый, құрметтеуге тәрбиелеу және жауапкершілік сезімдерін ояту қажеттілігі, яғни бұл жерде жемқорлық, заңды басынушылықтар, заңға немқұрайлы қарауға жол бермеу керектігін және аталғандар құқықтық жүйеге кереғар екендігін түсіндіру керек. Абайдың саяси, құқықтық пікірлері сол кездегі мәселелерге ғана арналып қоймай, бүгінгі таңдағы күн тәртібінде тұрған өткір проблемаларға нақты жауап беретін өміршеңдігімен құнды. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқып қана қоймай, талдап, талқылап, ой елегінен өткізу, бүгінгі күні орын алып отырған келеңсіз жағдайлардың алдын алып, болдырмауда пайдалану барша қазақстандықтардың борышы болуы керек деп ойлаймыз. Сол себепті Абай шығармашылығының құқықтық қырларының зерттеліп, іс-тәжірибеде қолдануы маңызды.
Бүгінгі таңда шетелдіктер де өз өмірлерінде, қоғамдық қатынастарда қолдану үшін Абай идеяларына қызығушылық танытуда. Прага (Чехия), Минск (Белоруссия), Абу-Даби (БАЭ) қалаларында Абай орталықтары ашылған. Бұл орталықтарда Қазақстанда жоқ Абай еңбектерінің бар екендігі белгілі болды. Еліміз Абай шығармашылығы арқылы ұлттық бітім-болмысымызды әлемге көрсетуде. Абай тек қазақ халқына ғана емес, әлем үшін өшпестей із қалдырды. Ендеше, бізге қазіргі уақытта Абай айтқан «Ақылмен ойлап сөйлемек» керек.
Газизова Назигул
педагогика ғылымдарының кандидаты,
ҚР ПҒА корреспондент-мүшесі