KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелер

Фото: youtube.com

8.12.2024, 14:00 27 Гульжан Мусина

Абайдың ақындық мектебің анықтамалығы жұмыстың кіріспесінде сөз болды. Абай мектебі деген ұғымды екі мағынада алып қарастыру бар дедік. Бірі – кең мағына, яғни Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы өкілдерінің дені ақынның әдебиеттегі дәстүрін ұстанушылар, демек поэзия жолындағы шәкірттері. Екінші - мектеп ұғымы тар, әрі нақты мағынада. Бұл тұрғыдан келгенде Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Жалпы «Абайдың ақындық мектебі» концепциясына қатысты 1950 жылдардағы даудың негізгі себебінде саяси астар жатқанмен, әдеби айтыстың өршіп кетуінің екінші бір себебі «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымға қай тұрғыда келу керектігінің нақты межесі анықталмағандығында да жатыр. Дәлірек айтқанда әлгі кең мағына мен тар мағынада қарастырудың ара жігі сақталмай, араласып кетті. Тағы бір әсер еткен фактор «ақындық мектеп» деген батыс пен орыстың әдебиетіндегі ұғымды Абай мен оның айналасындағы ақын шәкірттерге қатысты қоданудан барып туындағанын да ескерте кету керек.

Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Орыс зерттеушісі В.И.Кулешов «бағыт», «ағым», «мектеп» ұғымдарын біртектес ұғым ретінде қарайды. Ағым-бағыт пен мектеп бір ұғымның аясында немесе синонимдік қатарда қоланыла беретіні тағы бар. Көркемдік әдіс туралы пікір білдіруші  Л.Тимофеев пен С. Тураев былай дейді: « ...мы говорим о художественных методах как наиболее общем понятии, о направлениях и о течениях как о его различных историко-литературных проявлениях и о школах и группах как наиболее частных его формах». Абайдың айналасына шәкірт жинауы табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Мәселен, әдеби үйірмелерге төмендегідей анықтама беріледі: «Литературные кружки, творческого объединения литераторов на почве единства взглядов, интересов, направления творчества. К ним относятся также литератуные салоны и «вечера»...». Әдебиеті әлі де ауызша үлгідегі Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді».

Ал енді, әлем әдебиетіне көз жүгіртсек, әдеби мектеп атауына жақын әртүрлі әдеби үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған. Олардың бәріне анықтама беріп, тоқталып жату  біздің зерттеуіміздің мақсаты емес. Әйтсе де, біразына шолу жасаған жөн. Мәселен, ертедегі үнді елінде санскрит әдебиетінің ірі өкілі Ашивагхошидің ақындық мектебі жөніндегі деректер бұл құбылыстың тарихын тереңге әкетеді. Он бірінші ғасырдағы Әзербайжан әдебиетіндегі Ширвани мектебі, ХІІІ ғасырдағы Италиядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі – «Сицилия мектебін» Джакамо де Лентино басқарған. XVI ғасырдағы франция әдебиетіне үлкен бетбұрыс әкелген Жан Дораның (1508-1588) «Жұлдыз» деген ақындық мектебі болған. Әдебиет пен театр өнерінің қосындысынан туған XVIІІ ғасырдағы «Испан классиктері» мектебін атауға болады. «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща), «Көлді мектеп» (Озерная школа), Ресейдегі «Арзамас» атты әдеби ұйым, «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, Франциядағы «Парнас» ақындар ұйымы тағы-тағылар. Әр мектептің, ұйымның ұстанған бағыты, мақсаты бар. Әрқайсысы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туып, өз міндеттерін атқарды. Бірінің ғұмыры ұзаққа барды, екіншілері қоғамнан, халықтан қолдау таппай немесе тағы басқа жағдайлармен тарап кетіп жатты.

Ал, нақты ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстарға келетін болсақ, қазақ әдебиеті, одан бұрын жалпы түркі әдебиетінде тарихында Абайға дейін де ондай құбылыстардың болғаны анық. Әл-Фараби сияқты ойшылдардың маңайына топтасқан шәкірттері болған. Ахмет Иассауи ұстазы Арыстан бабты ерекше құрметтеп жырына қосса, кейіннен Иассауидің өзінің сопылық мектебі оның қасына көптеген шәкіртер үйірді. Кейінгі әдебиетте Жамбылдың пірі Сүйінбай болса, Ақмолла ақынның ұстазы - башқұрттың Маржаниы.  Кез-келген ақын ұдайы ұстазының қасында жүрді демесек те, алдындағы ақыннан үлгі алары хақ. Абайдың да нағыз ақындық биікке жетуіне алдымен маңайы, ортасы ықпал етті. Ең алғаш қара өлеңнің уызын өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөжелерден татты, асыл сөздің маржанын ел ішіндегі би мен шешеннен естіп, кеудесіне тұндырды. Кейін өзі игерген орасан білім мен өнерді елге тарату үшін қасына талантты шәкірттер жинап, тәрбиеледі. Алдындағылардай емес Абайдікі неше өнердің сәулесін шашқан бір қауым өнерлі жасты тәрбиелеген нағыз әдебиеттің мектебі болды. Және ол мектептің қазақ әдебиетіндегі атқарған қызметі орасан, тарихтан алар орны ерекше.

Қашанда орысқа, одан батысқа қарап бой түзеп үйренген, қалыптасып қалған евроцентристік көзқарастар бізді ең әуелі «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияны қабылдауға жүрексіндіргені жасырын емес. Өйткені, әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенмен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей шын мәнінде  осындай әдеби іс жосығын (процедураларды) жүзеге асырғандары кемде-кем. Өзімізге етене жақын орыс әдебиетіне назар аударсақ, А.Пушкин де, М.Лермонтов та әдеби мектеп ашып, шәкірт тәрбиелемепті. ХІХ ғасырдың 50-жылдарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Әйтсе де, «Біз Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» деген кейінгі қаламгерлердің қанатты сөзі жазушының тікелей шәкірттері емес, оның дәстүрін жалғастырушылардың айтқаны екенін естен шығармау керек. Сол себепті орыс әдебиетінде кең өріс алған «Гогольдік бағыттың» өзі – мектеп дегенде әуелде біз айтқан кең мағынадағы мектеп, яғни, әдеби дәстүрге жақын дүние. «Ұлы» халықтың бетке ұстар ақын-жазушыларында кездесе бермейтін тікелей әдеби қарым-қатынастың айғағы болған ақындық мектеп, ақын шәкірттер қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абайға тиесілі болуы кеңестік танымның қалыбына сыя бермеді. Осы арада ғалым Т.Кәкішевтің төмендегі ойы өте орынды айтылған: «Еуропа мен орыс әдебиеттеріндегі құбылыстардың бәрін қазақ әдебиеті қайталауы, солардың ізімен жүруі шарт емес, тіпті қажет те емес. Бірақ көркемдіктің жалпыға ортақ заңдылықтарын игеріп, шын кәсіби жолға түсуге міндетті. Өрелі әдебиеттерден бой тасаламай, пайдалысынан үйрену барысында еш уақытта өз ерекшелігімізден көз жазбауымыз керек».

Қасына шәкірт ертіп, көркем дүниені қалай жазу керектігін ежіктеп отырмағанмен, шын таланттың әдебиетке өзінің дәстүрін әкелетіні ақиқат. Жаңағы Пушкин де, қара сөзінен қаймақ ағызатын Николай Гоголь де, біздің Абай да сондай ақындардың қатарында. Орыс сыншысы Н.Чернышевский: «Гоголь өзінің данышпан жазушылығымен ғана емес, сонымен бірге әдеби мектептің – орыс әдебиетінде мақтан бола алатын бірден-бір мектептің атасы болуымен бағалы»,- деген екен. Орыс әдебиеттану ғылымында «Гогольдік бағыт» (Гогольевское направление) деген термин қалыптасқан десек, бұл кейінгі Гоголь дәстүрлерін ұстанушылардан бөлек, сонау ХІХ ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Орыс жазушысы өзінің журналистік ағымдағы шығармалармен ұлттық әдебиетте белгілі бір мектеп қалыптастырды дегенімізбен, Абай сияқты нақты қаламгер тәрбиелеп, тақырып беріп, жазғанын сынап отырмағаны белгілі. Гогольдікі дәстүр, бағыт болады да, Абайдікі ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болады. 1951 жылы Әуезовтің «...Можно ли сомневаться в том, что у Абая была сформированная им среда за 60 лет его жизни? По-моему, нельзя сомневаться. И вопрос о школе его сейчас ставиться лишь, как о школе в узком смысле, а не ставиться вопрос о влиянии его на всех последующих поэтов и на всю последующую казахскую литературу. Это последнее обьемлет очень широкое понятие ясное и простое. Речь идет о людях, которые окружали его, были около него непосредственно и в той или иной мере были творческими личностями. Но, одно дело учитель, другое – ученик. Пусть они не стали талантливы, как Абай (так было на самом деле). Пусть ими созданы произведения гороздо менее значительные, чем Абаем... Однако, учениками они были» ,- деген пікірін ескерсек, Абайдың ақындық мектебі дегенді осы тура, тар мағынасында алып қарағанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті айқындала түседі.

Елуінші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әр-түрлі мағынада қарастырылғандығында жатыр. Қ.Мұхамедханұлы диссертациясының тақырыбы ғана емес, жалпы «Абай мектебі» деген атау түп-тамырымен өзгертіліп, Абайдың ұстаздық қыры көлегейленді. 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған 5 күндік ғылыми-теориялық конференция өтті. Осы арада назар аударуымыз керек, әлгіндей кең көлемде әдебиетке арналған конференция бұған дейін де, кейін де болмағанын ескерсеңіз қалай деген күнде де сол кездегі әдебиетке деген назардың қаншалықты салмақты болғанын байқай беріңіз. «Об основных тенденциях и направлении казахской литературы 80-90-х годов ХІХ века» деген тақырыпта баяндама жасаған М. Сильченко «Абай мектебі» туралы былай дейді: «Неясным, вызывающим разноречивые толки, остается до сих пор вопрос о так называемых «абаевских традициях» в казахской литературе. В дискуссии 1951 года была отвергнута концепция поэтической школы Абая...

Из-за неясности и неразрешенности проблем традиции и влияния, понятий о школах и направлениях в общесоюзной науке, и у нас возникают затруднения в трактовке этих проблем. Есть неоспоримые факты, которые, тем не менее, трудно обьяснить научно. Бесспросно, что Абай имел много последователей»,- деп Абай шәкірттеріне тоқтала келіп: «Нам надо отказаться схоластических толков и споров по этому вопросу уже потому, что в истории нет и не было такого случая, чтобы литературное направление или школа объединяли писателей, поэтов совершенно идентичных по своим общественно-эстетическим воззрениям и творческой манере», - деп, Абай мектебі өкілдерінің шығармашылық мұралары батыс пен орыстың әдеби бағыт, әдеби мектепке қоятын талабына, дәлірек айтқанда «аға ұлт өкілдері» шығарған анықтамаға сай келмейтіндігін тілге тиек етеді.

Жалпы болмысты, соның ішінде әдебиетті белгілі бір қалыпқа салып машықтанған кеңестік жүйе әдебиетіміздің ұлттық ерекшеліктері мен Абайдай дарынның оқшау қасиеттерін ескермеген-ді. Сөйтіп, Сильченконың түйіні мынау: «Отказывались от термина «школа Абая», мы ввели понятие поэтического окружение Абая. Следует прямо сказать, что оно не соответствует действительному положению вещей. Ведь для истории литературы важны не пассивные отношение, а творческое взаимодействие поэтов, писателей одного исторического периода, единого в своей основе направления. Поэтому разрешите предложить на обсуждение понятие, принятое и в истории русской литературы,- «поэзия (или поэты) абаевской поры». Осы мәселеден кейін Абай айналасындағы шәкірттерге қатысты «мектеп» ұғымы алынып, Абайдың өз айналасына тигізген әсері, әсіресе нақты істелген тағылымдық қарекеттері тұмшалана берді.

Саяси қысымның салдарынан Абайдың шәкірттерінің мұрасын ғылымда қорғауына мүмкіндік ала алмаған Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылы диссертациясының атын ғана емес, идеясын өзгертуге тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылды. 1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Тұрағұлдың аты аталмаса да бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жанатайұлына, оның «атышулы» «Сабалақ» дастанына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған, талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбегіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Тұрағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сиятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде Қ.Мұхамедханұлының бірбеткей табандылығының, төзімділігінің арқасында. Сөз арасында айта кетуіміз керек, 2005 жылдан бастап шыға бастаған зерттеушінің көп томдық шығармалар жинағына (Алматы: Алаш, 2005) ғалымның 1959 жылғы екінші қорғаған диссертациясы ғана енген. Қайталау делінген бе, 1951 жылғы еңбек жинаққа енбеген, тек Көкбай туралы тарау ғана 1959 жылғыға қосылған. Кеңестік сүзгіге іліне қоймаған, кезінде үлкен айтыс тудырған 1951 жылғы еңбекті де жинаққа кіргізсе, көп томдықтың салмағы артпаса, кемімейтін еді.

Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жойылды. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. Мұхамедханұлының диссертациясы сыналған кезде-ақ: «...Остальные исследователи доверились ему (Ауэзову Б.Е.) как знатоку Абая и эти данные считались до сегодняшнего времени достоверными... что Абай Кокпаю сам давал тему и т.д. Это он снова утверждает в романе «Акын ага», который недавно вышел из печати» ,- деген пікірлер айтылды. С.Мұқановтың «Абайдың шәкірттері туралы» мақаласында: «Ақын аға» атты романда «бұл шәкірттер тағы мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болады. «Абай шәкірттері» деп атаған адамдардың кейбіреулерінің көрінеу көзге реакциялық бағытта жазылған шығармаларын майлап өткізу үшін Абайдың беделді атын жамылып, «бұл темаларды оларға Абай беріп, жазылғаннан кейін Абай түзеп еді» дейді (Шәкәрім мен Мағауияға тел тема – «Еңлік – Кебек», Мағауияның «Шәмилі», Көкбайдың «Абылайы» тағы басқалар)». Сөйтіп, Абайдың ұстаздығын көркем әдебиетте сомдаған «Ақын аға» романы қыңыр саясаттың салдарынан жөргегінде тұншықты. Бір таңқаларлығы кезінде аяусыз тәркіленген романмен қауышуға оқырман қауым жарты ғасырдай уақыт дәрменсіз болып келді. Тек араға жылдар салып «Ақын аға» жазушының елу томдығына енді. Әдеби ортаға белгісіз болғаннан шығар бәлкім зерттеуші қауым осы бір тағдыры ауыр туындыға қалам тартудан тартыншақтай берді. «Абай» энциклопедиясындағы «Ақын аға» романы туралы: «Жазушының романды бұлайша атаудағы басты мақсаты – Абайды ақындар ағасы етіп көрсету болатын. Бірақ бұл сөзді орыс тілінде дәл жеткізу қиынға түскендіктен, эпопеяның жалпы атауын «Абай жолы» деп өзгертеді»,- деген пікірді қисынды деп айта алмаймыз.

1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бірнеше санына «Ақындар ағасы» деп басылған туынды біршама өзгерістермен 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен жеке кітап болып басылды. Журналдық нұсқа мен кітап арасындағы өзгерістер, алып-қосулар, толықтырулар туралы аталмыш туындыға ғылыми түсінік жазған Т.Әкім былай дейді: «Сол толықтырулардың астарында өңдеп-жөндеудің, жаңартып-жаңғыртудың, жетілдірудің неше алуан қиын асулары мен шытырмандары жол-соқпақтары бүгіліп жатты, ол бүгіліс кітаптың қандай жол, қандай бейнетпен дүниеге келгендігін елестетіп, бар бітім-болмысы мен келбетін көз алдыға келтіре алады». Алғашқы шыққан журналдық нұсқадан кейінгі романы жетілдіре түсу үшін жасалған өңдеулер мен толықтырулар бір сөзбен айтқанда жазушы мехнаты зая кетті десе де болғандай. 1949 жылғы «Ақын аға» саяси зиянды шығарма ретінде жойылды. «Ақын ағаның» бар кінәсі Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеуінде. «Ақын аға» тәркіленгенмен ұлы эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет еді. Әуезовке тағы амалдауға, дәлірек айтқанда «соцреализмнің» ыңғайына бойсұнуға тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея – Абайдың ақындық мектебі көмескіленіп қалды. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе, Көкбай бейнесі қатты зардап шекті. Сөзіміз дәлелді шығу үшін қос нұсқаны салыстырсақ, романның басындағы төрттік жырды төрт ақын боп айтатын жарыс үлгісін ұсынатын Көкбайдың орнына кейінгі нұсқада Ақылбай аталса, «Ақын ағада» Еңлік-Кебек жырына таласқан Дәрмен мен Шұбарға билік айтушы Көкбай кейінгі нұсқада Ерболмен алмастырылған. Дәрменнен Еңлік жыры сенікі деп,- сүйінші сұрайтын да Көкбай болмай, Мағаш болып өзгерген. Тізе берсек, осындай ауыстырулар жетерлік. Анығы, суреткер Көкбайды Абай қасына аса жуытпауға мәжбүр болған. Көкбай тек Абай қасынан алыстатылмаған, социалистік талаптарға сай жағымды жағы сылынып тасталып, ұнамсыз бейне жасалған. «Ақын ағада» жоқ Ерболдың төмендегі ойы кейінгі нұсқада былайша өріледі: «...өз ішінен қасындағы Көкбайға бір үлкен наразылық ойды да ойлап қап еді. Оразбай, Жиреншелерге не сорым, оңаша сөйлеген бір күні жаңағы Абай айтқан жайлар туралы Көкбай да бір суық сөз сөйлеген. «Абайдың бір міні болса – ол аса орысшыл боп кеткені ғой, тек соларға ғана қарап отырмақпыз ба?» деген еді». Сондай-ақ, Базаралының айдаудан келгендегі кезіндегі Көкбайға берілген әділ баға кейінгі нұсқада күзеліп қалған. Мәселен: «Көкбай да шабытты ақын...Тынысы кең, боздағандай, зор үні бар Көкбай өз өлеңін ұзақ әнмен айтып отырды. Жақсы тілеу, дат құрмет, қуанышты тағзым – бәрі де үлкен сыпайылықпен тәтті айтылды» ,- деп жалғаса беретін Көкбайды жағымды жағынан көрсететін тұстар екінші нұсқада кездеспейді. Осылайша түбегейлі өзгеріске түскен Көкбай бейнесі романда Абылай туралы жыр жазар тұста да еріксіз бұрмаланып, құрбандыққа шалынып жүре берді. «Көкбайда Абылай жайын жыр етемін деген ой көптен бар-ды. Қазақ пен қалмақ жаулығы турасындағы ескі сөз атаулыны ол жия жүретін. Абаймен оңаша әңгімесінде өзінің жиған-тергендерінің талайын айтып шыққан. Сол кеңес соңында Абай да бұған қосымша қызық әңгімелер айтқан. «Абылай жорықтарын өлең етсеңші» деп, Көкбайға аға ақынның айтып жүретін ақылы да бар еді. Жалғыз-ақ екеуінің де ұғысып, келіскен бір жайы бар-ды»,- деген нағыз шындық басқаша өрби берген. Абай мен Көкбайды жақын ұстаудан сақтанған Әуезов дәл осы тұста Дәрмен аузымен Абай мен Көкбай арасын аша сөйлейді. Абай тапсырмасымен қазақтың Абылайын жырға қоспақ болған Көкбай ақынның ізгі мұраты кейінгі нұсқада «бір жаққа лағып кеткіш қыңырлығы» боп танылып, құрбыларының алдында келекеге ұшырайтыны бар. «Ақын аға» романының «Абылай» жырын шабыттана оқыған аса дарынды ақын Көкбайдың ұстазының алдында есеп беруімен аяқталатыны тегін емес. Көкбай дастанының жазылу тарихынан жазушы алыс кетпеген-тін. Дәл осы «Абылай» дастанының Абай алдында тұсауы кесілуі түзетілген нұсқада алынып тасталмағанымен, саясаттың ықпалына жығылды. Жығылғаны сол Көкбайдың «Абылайы» Базаралы аузымен бауыздалады: «Айтсам, Көкбай «алдияр» дедің, «асыл ханым» дедің, «әруағыңнан айналайын» деп те жалбарынып жатырсың. Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне де тауап қылар түрің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған, Көкбай, мұның. Осы хан-сұлтанды көксеп, маңырап талай ақын, баяғының өзінде тоздырып болмады ма, Абай?!»,- деген сөздерді Абай бас изеп қостап әкететіні тағы бар. Көркем туындыдағы шындық осылайша еріксіз шырмалып, батыр Базаралы большевиктің сөзін сөйлейді. Абайға айтпаған сөзін айтқызды. Осының бәрі романды аман алып қалу үшін жасалған жазушының жантәсілім амалдары еді. Абайды әлемге таныту үшін Құнанбайды ғана емес, романда аты аталмай кеткен Шәкәрім, Тұрағұл сынды Абайдың туыс-балаларын да құрбандыққа шалды. «Ақын аға» романында  Абай мектебі деген негізгі идеяның салмағын Көкбайға қарай аударып амалдаған Әуезовтің жанкешті жоспары да іске аспай қалды. Ақыры Абайдың ең жақын досы, ақын шәкірті Көкбай да жағымсыз кейіпкердің шапанын жамылып шыға келді. Құнанбай сынды Көкбай да Абайға қарсы таразының екінші басында қалды. Сөйтіп шәкіртсіз тұл қалған Абайдың қасына  дәрменсіз жазушы еріксіз қолдан жасалған кейіпкер Дәрменді қосты. Кейінгі нұсқада Көкбай ысырылып, Абайдың қасынан Дәрменнің орын алуы – суреткердің лажсыздан барған тәсілі.

 Бауыржан Аманкелдіұлы

абайтанушы-ғалым

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу