Арғы жағы Ертістің, бергі жағы
Бұқтырма су қоймасының Күршім ауданы жағындағы жағасында демалыс базалары салынбақ. Туристік нысандарға арналып Құйған ауылынан солтүстік батысқа қарай 4,1 км және көпірден Қайыңды ауылына қарай 0,6 км жерде әрқайсысы 0,1 гектардан 50 жер телімі бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жол мұраты – жету» демекші, биыл Бұқтырма бойындағы ең ұзын көпір пайдалануға берілді, паромға сыймай жатқан Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандары тұрғындарының айы оңынан туып, бұл Ертістің арғы жағында туризмді дамытуға да тың серпін береді.
Жаңа көпірдің айналасын айнадай етті
Елімізде табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға орай өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясына күршімдіктер де белсене атсалысты.
Қоршаған ортаны, туған жерді, тұрған жерді таза ұстау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Тек ауыл, қала ішінің ғана емес, ежелгі тарихи-мәдени ескертікштер айналасының, табиғи туристік нысандардың көркімен көз тартып таза тұрғаны да ұлттың рухани байлығын көрсетеді.
Шілдеде Күршім ауданының жастары қолдарына қап, тырмауыш алып Бұқтырма бойында салынып жатқан жаңа көпірдің кіреберісін қурай шөптерден тазалап, қоқыс қалдықтарынан арылтты. Ертістің үстінен бой көтерген бұл көпірдің күршімдіктер үшін маңызы айтпаса да түсінікті.
Күршім ауданы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы мен «Аманат» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырған кезекті «Таза бейсенбі» науқанында ауыл жастары Ертістің жағалауын, жаңа көпірге апаратын кірме жолды айнадай етіп тазартып шықты.
Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал тап-таза жағалау мен көгалды саябақтар, көрікті жолдар – елдің айнасы.
Күршім ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза ауыл» экологиялық акциясы өткен. Экологиялық акцияға Күршім ауылының, өзен жағалаулары мен көшелерін тазалауға мемлекеттік мекеме, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысқан еді. Шара аясында ауылдың іші мен айналасынан 500 келіге жуық қоқыс шығарылды.
Құйғандағы киіз үйлер
Еліміздегі ең ұзын көпір Құйған ауылының жанында салынғандықтан осындай ерекше нысанның айналасы ғана емес, оның жан-жағындағы елді мекендердің іші-сырты, келбеті де әрі-бері өткен жолаушының көзіне менмұндалап алдымен түсері сөзсіз.
Көктемнен бері Құйған ауылындағы Ертіс жағалауы сусын құтылары, тамақ қалбырлары, целлофан қаптар сияқты шашылып жатқан қалдықтардан тазартылып, ретке келтірілген.
Қазіргі күні Құйған ауылында бос тұрған үйлер жоқ. Ауыл тұрғындарының айтқандарындай, ел ескі үйлерін жаңалап, бос тұрған үйлерді сатып алып, сиреп қалған ауыл бір кездердегідей қайтадан қанат жайып, көркейіп келеді.
Күршім ауылының жан-жағындағы ауылдардың тұрғындары бұрын да жазда Құйғанның жанындағы Ертіс жағалауына келіп, суға түсіп демалып қайтатын. Бұл жағалауда да су жылы. Жадағай жағасы шомылуға қолайлы. Жағалауға тігілген тоғыз киіз үйдің екеуі кәсіпкер Данияр Нажымовтыкі екен. Бүгінде киіз үйлерден кісі арылмайтын болған. Киіз үйге күндіз келіп демалушылар сағатына екі мың теңге төлейді. Бір күнге жалдаса, 20 мың теңге екен.
Бірнеше жыл бұрын жым-жырт болып жатқан жағалауда бүгінде тіршілік қайнай түскен. Қатарласа тұрған қайық, катерлердің иелері демалуға келген жұртты серуендетіп, Құйған ауылының тұсындағы арғы жағаға шығарады. Судағы сейіл-серуенге шыққан демалушылар арғы беттегі аппақ құмға барып, күнге қыздырынып, сағым қуған құмды шағылдың үстіне шығып суретке түседі. Құм ауылдағы жағалауларға да әкеліп төгілді.
Ауылдың маңынан туристік база ашылады
Жаз шықса Күршім, Барақ батыр, Бурабай, Топтерек, Алғабас басқа да ауылдардың тұрғындары Құйғанның жанындағы Бұқтырма жағасына келіп демалып қайтады. Құйғанға келіп демалып жатқандар келешекте киіз үйлерге электр қуаты тартылып, жағажайда санитарлық-тазалық тораптары орнатылса, бағасы қолжетімді, қызметі сапалы қонақ үйлер салынса деген тілектерін жеткізді. Көптің тілегі орындалып жатса демалушылардың легі үсті-үстіне арта түсері сөзсіз. Бұл шағын ауылдың жеке бюджетіне де әжептәуір қаржы әкелмек. Туризм арқылы ауылдық округтің өркендеуіне тың жол ашылмақ.
Құйған ауылдық округіне үш ауыл кіреді: Құйған, Қайыңды, Қайнар. Қазіргі күні округте 282 аула, 900 адам тұрып жатыр. Құйғанда 196 аула, 638 адам бар. Тұрғындардың басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады.
Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді, енді Күршім, Марқакөл аудандарының, көпірдің аузындағы Құйғанның да тірлігі жанданып, тұрмысы көтерілмек. Былтырдан бері демалыс орындарын, сауда орындарын салу мақсатында ауыл тұрғындары мен көршілес ауылдардың кәсіпкерлері Құйған ауылындағы жағалау маңынан жер телімдерін сатып ала бастаған. Биыл ауыл жанынан 12 адамға жер телімі берілген.
Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ришат Искаковтың айтқанындай, алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасының Күршім ауданы жағындағы жағасында демалыс базалары салынбақ. Туристік нысандарға арналып Құйған ауылынан солтүстік батысқа қарай 4,1 км және көпірден Қайыңды ауылына қарай 0,6 км жерде әрқайсысы 0,1 гектардан 50 жер телімі бөлінген. «КазНурПроект» ҒЗЖК» серіктестігі әзірлеген жерге орналастыру жобаларына сәйкес инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жер телімдерін демалыс базаларын салуға беру үшін аукциондар өткізілмек.
Шекелмеске яхтамен
Күршім және Марқакөл аудандары аумағында 224 төсек орындық 7 қонақ үй мен қонақжай жұмыс істеп тұр. Күршім ауданындағы 172 төсек орындық төрт қонақ үйде өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 2001 келуші, демалушы орналасып, оларға 20,1 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Бір төсек орынның орташа бағасы – 6500 теңге.
Бүгінгі күні Күршім ауданында туризмді дамытудың үш бағыты анықталып отыр. Ауданға «Meloman Travel» өкілі шақырылып, Маралды және Құйған ауылдық округтеріндегі туризмді дамытуға қолайлы перспективалы ауылдар анықталған. Бағалап, қарауға орай үйлер көрсетіліп, олардың баға ұсынысы айтылған. Болашақта қос ауылдық округте туризм «Meloman Travel-дің» зерттеу, талдау қорытындысы бойынша дамытылмақ.
Күршім ауданы үшін бірегей саналатын енді бір бағыт – «Күршім өзені бойында экотуризмді дамыту» туристік бағытының ашылуы. Жергілікті тұрғындар Күршім өзені бойының 50 шақырымдық жерінде туристерге экстремалды спорт әуесқойлары арасында танымал спорт түрі – үрлемелі қайықтармен жүзу, балық аулау тәрізді экотуризм қызметтерін ұсынбақ. Осы бағытқа туристерді тарту үшін Күршім өзені бойымен екі күндік маршруттың сызбасы әзірленген. 10 адамға қызмет көрсету 500 мың теңге шамасында.
Сонымен қатар ауданымызда Шекелмес, Қиын-Керіш табиғи ескерткіштер орындарына апаратын арнайы су жолы бағыты әзірленіп жатыр. Бұл бағыт ыстық күнде демалушылардың жол жүруін жеңілдетіп қана қоймай, Зайсан көлінде, Бұқтырма су қоймасында кемелермен, яхтамен серуендеуді, құмды жағажайларда және сирек кездесетін құстар мен балық аулау орындарындағы аялдамаларды қамтиды. Осылайша, туристер көлікпен жүрмей, суда ыңғайлы яхтамен серуендейді. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің жанындағы Құйған ауылында 15-20 адамға арналған қайықтарды жалға беру мүмкіндігі қарастырылған. Енді туристерге яхта сатып алынбақ, – дейді ауданда туризмді дамытудың негізгі бағыттары туралы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ришат Искаков.
Биыл аудандағы «Төре-Тоғам» ЖШС Қиын-Керіш шатқалы аумағында этноауыл салуды жоспарлап отыр. Бұл Қалғұты және Балықшы ауылдық округтерінің шатқалға жақын ауылдарында шағын кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызбақ.
Жанаргүл Мұқатай