Комплаенс-қызмет: адалдықтың жаңа дәуірі
Соңғы жылдары елімізде комплаенс-қызмет тіркесі жиі айтылып жүр. Жалпы, бұл қызмет бизнесте және мемлекеттік ұйымдарда заңнамалық нормаларды сақтау, жемқорлықпен күресу, этикалық нормаларды қадағалау және тәуекелдерді басқару мақсатында енгізілген жүйе ретінде қарастырылады. Комплаенс-қызмет экономикалық тұрақтылықты сақтауға, заңды бұзудан туындайтын тәуекелдерді азайтуға және ұйымдардың беделін қорғауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа сөзбен бірге жаңа технологиялар да келді
Жалпы, комплаенс (compliance) ұғымы ағылшын тілінен аударғанда «сәйкестік» дегенді білдіреді. Еліміздегі комплаенс-қызметтің мәні мен міндеттері жөнінде аз-кем айтсақ, олар – заң талаптарын сақтау, жемқорлықпен күресу, этика мен адалдықты нығайту және коррупциялық тәуекелдерді басқару.
Тарқатар болсақ, компаниялар мен ұйымдар еліміздің ішкі заңнамасы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте әртүрлі саладағы нормативтік-құқықтық актілерді толық және дұрыс орындау маңызды.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сондықтан комплаенс-қызметтің негізгі міндеттерінің бірі – жемқорлықпен күресу және компания ішіндегі мүмкін болатын заң, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Сондай-ақ, комплаенс қызметі компанияның ішкі корпоративтік мәдениетінде адалдық пен этика қағидаларын нығайтуға бағытталған. Бұл ұйымның репутациялық тәуекелдерін төмендетіп, ұзақмерзімді табыстылығын арттыруға ықпал етеді.
Комплаенс-қызмет тәуекелдерді талдау, болжау және басқаруға да көмектеседі. Әсіресе, заң бұзушылықтар немесе этикалық стандарттарды орындамау ұйымға ауыр салдар тудыратыны аян.
Қазақстанда комплаенс-қызметтің қалыптасуы мен дамуы елдің құқықтық, экономикалық және бизнес ортасының жетілуімен тығыз байланысты. 2015 жылы қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң және осы заңның аясында жүзеге асқан реформалар комплаенс-қызметін енгізудің қажеттілігін арттырды. Сонымен қатар компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаһандық үрдістер де бұл қызметті танымал етуде.
Елдегі ірі қаржылық және өнеркәсіп ұйымдары комплаенс қызметін белсенді түрде енгізіп, оны бизнестің ажырамас бөлігі ретінде қабылдауда. Мысалы, ұлттық компаниялар мен банк секторы комплаенс ережелерін қатаң сақтап, халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылуда.
Оның айтуынша, жемқорлықтың алдын алу үшін енгізіліп жатқан жаңа әдістер мен тәсілдерге процестерді цифрландыру, тұрақты ішкі аудиттер, тәуекелдерді бағалау және қызметкерлерге арналған оқыту бағдарламалары енеді. Комплаенс-қызметтер халықаралық тәжірибені белсенді түрде пайдалана отырып, оны жергілікті жағдайларға бейімдеуде. Мәселен, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибенің халықаралық стандарттарын енгізу кез келген ұйымдағы ашықтық пен жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Жемқорлықпен күресудің тың әдіс-тәсілдері талқыланды
Жуырда С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да еліміздегі аталмыш комплаенс-қызметті жетілдіруді көздеген ерекше семинар өтті. Аталмыш университет жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін жан-жақты талқылау мақсатында Қазақстанның әрбір өңіріндегі комплаенс-офицерлердің басын қосты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында жүзеге асатын ұтымды шешімдер мен тың әдістерден тұратын білім беру платформасы Алматы, Атырау, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының комплаенс-қызметтеріне ұсынылды. Спикерлер ретінде оқу орнының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша практикалық жұмыс тәжірибесі, ғылыми зерттеулері бар ғалымдар мен оқытушылар сөз сөйледі.
Семинар аясында ШҚУ оқытушылары мен магистранттары құрастырған коррупцияға қарсы үш тілде сапалы білім беретін сайт таныстырылды. Білім беру платформасында электронды оқулықтар қоры, тренинг форматындағы оқу құралдары мен тест тапсырмалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәліметтер, онлайн сауалнама бөлімі бар. Бұл сайт жемқорлыққа қарсы білімді барлық қолданушылар үшін қолжетімді етеді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүргізуде психологияның алар орны бөлек. Жемқорды қалай тануға болады? Қылмыс жасауға қандай жағдайлар себеп? Жемқорлықтың торына түсіп қалмаудың қандай жолдар бар? Осы және өзге де сұрақтар көпшілікті мазалайды. Құқық, экономика, этика сынды маңызды компоненттерден басқа, сыбайлас жемқорлық та – адам психологиясының көрінісі. Семинар спикері Ақмарал Ахаева сыбайлас жемқорлық тек өз аясында ғана құқықтық және экономикалық мәселе екенін, ал түбіне тереңірек мән берсек, психологиялық және жалпыадамзаттық мәселе екенін атап өтті. Осылайша білікті педагог семинарға қатысушыларды психологиялық интерактивті ойындарға жұмылдырды.
Иә, бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда интерактивті технологияларды қолдану аса маңызды. Семинар қонақтары мен қатысушыларына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің антикоррупциялық саясат жобалары аясында бейнетерапияны және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы вакцина» зияткерлік ойыны ұсынылды. Ел Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша аға оқытушысы, HR менеджмент бойынша жаттықтырушы-кеңесші Гүлфия Берікболова шетелдік ғалымдар мен психологтардың түрлі прогрессивті әдістемелерін ойын форматында тәжірибемен ұштастыра білді.
Республикалық семинардың ауқымы кең, пайдасы мол болды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басым бағыты. Осы маңызды міндетті шешуге отандық университеттер тартылып отыр. Комплаенс-қызмет алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне жауап береді.
Шараны ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қорытындылап, семинардың қатысушыларына сертификаттар табыстады. Шара соңы зияткерлік куиз ойнына ұласты.
Мамандар пікірінше, комплаенс қызметінің болашағы зор. Себебі, құқықтық актілер мен заңдар комплаенс қызметінің талаптарына сай үнемі жаңартылып отыруы қажет. Соның салдарынан мемлекеттің тетігі болып табылатын әр мекеменің қызметі дұрыс, құжаттары бүтін, әрекеттері ашық болмақ. Отандық компаниялар халықаралық стандарттарды меңгеріп, шетелдік тәжірибелерді енгізу арқылы да өз комплаенс жүйесін күшейте алады. Сондай-ақ цифрлық трансформация да комплаенс қызметінің тиімділігін арттырмақ. Замануи бағдарламалар мен платформалар заңнамалық нормалардың орындалуын автоматты түрде бақылауға тамаша мүмкіндік береді.
P.S.: Комплаенс-қызмет – маңызы артып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі. Ол ұйымдардың заңнамалық талаптарды сақтап қана қоймай, олардың беделін нығайтып, жемқорлық пен заң бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Қазақстанда комплаенс қызметінің дамуы – елдің экономикалық және құқықтық тұрақтылығының айғағы, сондықтан бұл үрдіс одан әрі де жетілдіріле бермек.
Ержан Әбіш