Анықталмаған ауру диагнозын қалай тегін және кезексіз алуға болады?
Өскеменде пациенттерге диагностика мен емдеудің әлемдегі ең озық әдістерін ұсынатын гематология орталығы сегіз жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Бұл клиникада қан түзу жүйесінің ауыр аурулары бар науқастарға көмек көрсету үшін бейінді стационарлар ғана емес, сонымен қатар амбулаториялық бөлімше бар екенін, оның жоғары дәрежелі мамандары симптомдарды тексеруге, оларды емдеу әдістерін анықтауға көмектесетінін шығысқазақстандықтардың бірі білсе, бірі білмес. Орталықта еліміздің басқа бір де бір клиникасында жасалмайтын күрделі молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізіліп, бір қорабының құны миллион теңгеден асатын қымбат дәрі-дәрмек тегін беріледі. Гематологиялық орталықтың қызметі туралы директоры Борис Галич айтып берді.
Диагноздан ремиссияға дейін
Қазір гематология орталығында 1200-ге жуық пациент өмірлік маңызды және өте қымбат емдеудің барлық түрлерін өтуде және осы жерде тұрақты есепте тұр.
Орталық директорының айтуынша, пациенттер әртүрлі бейіндегі мамандардың кеңесін ала алады, оларға зертханалық тексерулер мен аспаптық зерттеулер қолжетімді, бөлімшенің өз реанимациясы бар. Сонымен қатар, дәл осы клиникада Қазақстанда әлі қолға алынбаған бірқатар зерттеулер жүргізіледі, атап айтқанда, диагноз қою және оның емдеу тиімділігіне мониторинг жасау үшін молекулалық-генетикалық тесттер, қорытынды иммуногистохимиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ол үшін орталық Ресейдің және алыс шетелдердің жетекші клиникаларымен бірлесіп жұмыс істейді.
Орталықтың құрал-жабдықтары тек ауруды анықтап ғана қоймай, оны емдеуге арналған препаратты да анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, лейкемия ауруын алсақ, екі күн ішінде зерттеу нәтижелерін алдымен жергілікті мамандар оқиды. Содан кейін бұл зерттеулерді Санкт-Петербургтен келген дейік, жоғары білікті және жетекші дәрігер тексереді. Бұдан кейін консилиум арқылы диагноз қойылып, ауруды емдеу алгоритмі бекітіледі. Осындай жеделдіктің арқасында ерте анықтау көрсеткіші артады, нәтижесінде науқастың жағдайы тұрақтандырылады. Осы жерде пациенттерді сүйек кемігін трансплантациялауға дайындайды, операциядан кейін бақылайды. Борис Викторович дертінен құлан-таза жазылғандар да бар екенін және ұзақ ремиссия жағдайлары да кездесетінін айтты.
Барлық емдеу түрлері мен препараттар тегін
Гематология орталығында диагностика және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен, сондай-ақ сақтандыру медицинасы шеңберінде жүргізіледі.
Басшы препараттардың бағасына қысқаша шолу жасап берді. Мысалы, бір "Ибрутиниб" капсуласының құны 28 851 теңгеден жоғары, ал қорабы – 865 559 теңге. "Руксолитиниб" таблеткаларының бір қорабы 1 419 259 теңге тұрады. Ал бір науқасқа жылына кемінде осындай алты-сегіз қорап қажет. Оларды тегін алу мүмкіндігіне мемлекет пен МӘМС кепілдік береді.
Науқастардың бірі – 60 жастағы Светлана Самосюк жеті жылдан бері орталықта осындай қымбат ем алып келеді, соның арқасында ғана әлі көрер жарығы таусылмаған.
Светлана Геннадьевна әсіресе гематология орталығында жасалған тамаша жағдайларға риза. Тап-таза, өте қолайлы, жылжымалы реанимациялық кешенге дейін қарастырылған, дәрі-дәрмектерді таратуға және қабылдауға арналған "ақылды" тіректер мен үстелдер бар, кез-келген қызмет түрі қолжетімдігі, соның ішінде ең күрделі диеталық тамақтану да қарастырылған.
Ең қиыны – уақтылы қаралмаған адамдарға көмек көрсете алмау...
Орталық дәрігерлерінің жанына бататын ең үлкен қиындық – ол дерті асқынған кезде келген науқасқа көмектесе алмау. Егер ол адам жедел түрде, ертерек не уақытында жүгінген болса, оған көмектесе алатындарын олар өздері жақсы біледі.
Клиниканың дәрігерлері тек проблемаға шағымданумен шектелмепті. Олар Telegram-да бот-чат құрды, онда олар назар аударуды қажет ететін симптомдардың тізімін жариялады. Олардың өтініп сұрайтыны, тұрғындар өз денсаулығыңа мұқият қараса екен және кеңес беретін, көмектесетін, түсіндіретін және медициналық тексерудің барлық алгоритмі бойынша тексеретін мамандарға жүгінсе болды.
Өскемен қаласындағы гематология орталығының мекенжайы: Серікбаев көшесі, 5 ғимарат, 1корпус, екінші қабат, телефон: 8-747-095-56-50
Жұмыс күндері 8.00 - ден 17.00-ге дейін.
Тәулік бойы жұмыс істейтін стационар.
vko@hemcenter.kz, Telegram-дағы бот-чат @hemcenterbot
Мақала ӘМСҚ облыстық филиалы баспасөз қызметінің материалдары негізінде әзірленді
Айна Ескенқызы